Ерлік пен елдік ұлықталған мереке
7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Байқоңыр ауылдық округі салтанатты мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, ел тыныштығы мен халық бірлігінің маңызын айшықтайтын тағылымды кездесу өтті. Мерекелік шараға ауыл тұрғындары, ардагерлер, жастар мен мекеме қызметкерлері қатысып, ел қорғаны болып жүрген азаматтарға құрмет көрсетті.

Іс-шараның басты мақсаты – Отан алдындағы борышты абыроймен атқарып жүрген азаматтардың еңбегін дәріптеу, жас ұрпақтың бойына патриоттық рух пен елжандылық қасиеттерді сіңіру болды.
Салтанатты жиын барысында аудан әкімі Аманжол Батырбекұлының атынан бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар табысталды. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, елдің тыныштығы мен ауылдың өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі ерекше атап өтілді. Марапат иелері ауылдың әлеуметтік-мәдени өміріне атсалысып, көпшілікке үлгі болып жүрген жандар ретінде құрметке ие болды.
Сонымен қатар, ауыл әкімі Шәріп Бекетов мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, ауылдың қоғамдық өміріне белсенді қатысып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді. Ол өз сөзінде ел қорғау – тек әскери міндет қана емес, туған жердің дамуына еңбек ету де үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға арнайы Алғыс хаттар табысталып, олардың еңбегі көпшілік алдында жоғары бағаланды.
Мерекелік шара барысында ауыл өнерпаздары патриоттық әндер орындап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Отан, ерлік, батырлық тақырыбындағы әндер мен тағылымды сөздер көпшілікке ерекше әсер қалдырды.
Жиналған қауым ер азаматтарға ақжарма тілектерін арнап, ел тыныштығы мен мемлекетіміздің тұрақтылығы жолындағы еңбектеріне табыс тіледі. Ауыл ақсақалдары жастарға батасын беріп, ел қорғаудың қасиетті міндет екенін айтып өтті.
Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ауыл тұрғындарының белсенді қатысуымен өтті. Мұндай тағылымды мерекелер ел бірлігін нығайтып, азаматтардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыра түсетіні сөзсіз.
Отан қорғаушылар күні – ерлік пен елдіктің мерекесі. Бұл күн – мемлекет қауіпсіздігі мен ел тыныштығын сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға көрсетілген құрметтің айқын көрінісі.
Ізбасар ОЙБАС.