Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
9 мамыр – тек мемлекеттік мереке ғана емес, бұл – Қазақстан халқының тарихи жадында мәңгі сақталатын күн. Әр жыл сайын біз осы күні Ұлы Отан соғысында көрсеткен батырлықты еске алып, ардагерлерге құрмет көрсетеміз. Бұл күн бізге бейбіт өмірдің бағасын еске салып, ерліктің, бірліктің символына айналған.

Жеңіс күні 1945 жылдың көктеміне, фашистік Германияның капитуляциясына тіреледі. 8 мамырда Германия Мәскеу уақыт белдеуімен тізе бүгу актісіне қол қойса да, КСРО аумағында уақыт айырмашылығы 9 мамырға сәйкес келді. Сол күннен бастап бұл дата бүкіл кеңес халқы үшін Жеңістің, батырлық пен қайсарлықтың белгісіне айналды.
Қазақстанның Ұлы Жеңіске қосқан үлесі орасан. Елден майданға 1 миллион 200 мыңнан астам адам аттанды, олардың жартысы туған жеріне оралмады.
Қазақстан тек адам ресурстарымен шектелмей, соғыста майданды қару-жарақ, азық-түлік және киіммен қамтамасыз етті. Сонымен қатар, елдің жүздеген кәсіпорындары эвакуацияланып, соғыстың ауыртпалықтарын жеңуге ат салысты. Тылда әйелдер, қарттар мен балалар қажырлы еңбек етіп, майдандағы сарбаздардың қажеттіліктерін өтеді. Сол үшін де Жеңіс күні – әрбір қазақстандық отбасы үшін ерекше мәнге ие.
Бүгінде 9 мамыр елімізде бірлік пен патриотизмді нығайтатын күн ретінде аталып өтеді. Таңғы сағаттардан бастап мемориалдар мен ескерткіштерге гүл шоқтары қойылады, Мәңгілік алауға тағзым жасалады. Бұл рәсімдер ардагерлердің, тыл еңбеккерлерінің, дәрігерлер мен партизандардың ерлігін дәріптеудің символына айналды.
Сонымен қатар, ел бойынша бір минут үнсіздік жарияланады. Мектептер мен университеттерде тарихи сабақтар, көрмелер, жобалар ұйымдастырылып, жастар Ұлы Отан соғысы кезінде көрсетілген ерліктермен танысады. Ардагерлерге мерекелік дастарқандар қойылып, концерттік бағдарламалар ұсынылады. Әскери әндер шырқалып, ризашылық сөздері айтылады. Кешке қарай қалаларда бейбіт өмір мен еркіндіктің символы ретінде отшашу ұйымдастырылады.
Жеңіс күні тек өткенді еске алу ғана емес, ол – әр ұрпаққа батылдық пен ерліктің үлгісі. Бұл күн бізге бейбіт өмірдің қадірін сездіріп, елдің бірлігін нығайтады. Ұлы Жеңістің тарихы – халқымыздың рухының, бірлігінің және тәуелсіздікке деген құндылығының айқын көрінісі.
Жеңіс күні – бұл әрбір қазақстандыққа өз бабаларының ерлігін ұмытпауға, тарихи сабақ алуына және бейбіт өмір үшін күрескендердің еңбегін дәріптеуге шақыратын мереке. Сол үшін де 9 мамыр әрдайым жүрегімізде қасиетті, ұмытылмас күн болып қала береді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.