МӘМС-тегі жемқорлық тәуекелдері талқыланды
«AMANAT» партиясының Ұлытау облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.
Отырыс жұмысын кеңес төрағасы, Жезқазған қалалық мәслихат депутаты Тұрсынай Ибадатова ашып, жүргізді.
Күн тәртібінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмыс барысындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу және жемқорлық тәуекелдерін азайту шаралары талқыланды.
Бұл мәселе бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ Ұлытау облысы бойынша филиалы директоры Әлия Байтокова баяндама жасады.
Ол өз сөзінде МӘМС жобасы бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында талаптар сақталып жатқанын атап өтті. Аталған салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты ешқандай дерек тіркелмегенін мәлімдеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жоспарды орындау шеңберінде филиал ғимаратында жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен ұсыныстарына арналған жәшік орнатылған. Тұрғындар жұмыс күні ішінде кедергісіз өтініштерін қалдырып, қажет жағдайда мамандардың қабылдауына жазылусыз кез келген уақытта кіре алады екен. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында Қордың қауіпсіздік қызметі филиал қызметкерлері арасында профилактикалық әңгімелер жүргізетіні тағы бар.
Ашықтық пен жариялылық қағидатын ұстанатынын айқын көрсеткен филиал директорына кеңес мүшелері тарифтердің құрлымы, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі, медұйымдардың кредиторлық қарызы туралы сұрақтарын қойды.
МӘМС жүйесі әлі де қоғамда түсіндіруді қажет етеді деген ортақ пікірге келген кеңес мүшелері өңірдегі өзекті мәселе кадр тапшылығы жою, медициналық қызметтердің сапасын арттыру, шағымдарды азайту тақырыбында кеңейтілген отырыс өткізуге шешім қабылдады.
Өз тілшімізден.