Көкейкесті мәселелер қаралды
Аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВТІҢ төрағалығымен кеңейтілген аппарат мəжілісі өтіп, онда ауданның əлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мəселе қаралды. Жиын барысында қысқы кезеңге мал азығын дайындау, егін ору науқанының барысы, сондай-ақ Ұлытау ауылындағы су жəне кəріз жүйелерінің қазіргі жағдайы талқыланды.

Күн тəртібіндегі негізгі мəселелер бойынша аудан əкімінің орынбасарлары Алмат Сакипов пен Батырлан Сəбден баяндама жасады. Алмат Сакипов өз баяндамасында қысқы кезеңге мал азығын дайындау жəне егін жинау жұмыстарының барысына тоқталды. Ауданда аталған жұмыстардың жоспарға сəйкес, қарқынды жүргізіліп жатқаны атап өтілді.
Шаруалардың қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз етілуіне де баса назар аударылды. Атап айтқанда, егін ору науқанын уақытылы əрі сапалы жүргізу мақсатында шаруалар арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілген. Бұл өз кезегінде дала жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді.
Жиында Ұлытау ауылындағы ауызсу жəне кəріз жүйелерінің жағдайы да жан-жақты қаралды. Аудан əкімінің орынбасары Батырлан Сəбден тиісті инфрақұрылымның қазіргі ахуалы жөнінде баяндап, тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Аудан басшысы жауапты тұлғаларға көтерілген мəселелерді назардан тыс қалдырмай, белгіленген жұмыстардың сапалы əрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар, «Жезбұлақ» коммуналдық мемлекеттік кəсіпорнымен мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар арасында тиісті келісімшарттарды белгіленген мерзімде жасасуды аяқтау міндеттелді. Бұл жұмыстардың жүйелі жүргізілуі коммуналдық қызметтердің тұрақты көрсетілуіне жəне ұйымдар арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған.
Аппарат мəжілісінде аудан аумағындағы санитарлық тазалық пен абаттандыру мəселесіне де ерекше мəн берілді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында елді мекендердің тазалығын сақтау, қоғамдық орындарды абаттандыру жəне санитарлық талаптарды қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуі тиіс екені айтылды.
Жиын соңында аудан əкімі күн тəртібіндегі мəселелер бойынша жауапты басшыларға нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
