«Қауіпсіз қала»: Кеңгірде өрт қауіпсіздігі бойынша рейд жүргізілді

«Жастар Рухы» жастар қанаты Ұлытау облыстық филиалы төтенше жағдайлар қызметімен бірлесіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз қала» акциясын ұйымдастырды.

Акция аясында Кеңгір елді мекенінде профилактикалық рейд жүргізіліп, тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі тексерілді. Мамандар үйлерге орнатылған газ және түтін датчиктерінің жұмысын тексеріп, олардың жарамдылығына назар аударды. Сонымен қатар тұрғындарға өрттің алдын алу, тұрмыстық қауіпсіздік ережелерін сақтау және төтенше жағдайлардың туындауына жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Рейд барысында үйлердің маңында от жағу және өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактілеріне де назар аударылды. Белгіленген талаптарды бұзған азаматтарға қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, айыппұл салынды.

Мұндай профилактикалық іс-шаралардың басты мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрт оқиғаларының алдын алу және азаматтардың жауапкершілігін арттыру.

«Қауіпсіз қала» акциясы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, тұрғындар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталады.