Ұлытауда дүбірлі ақындар айтысы!
Ұлытау облысының мәдени өмірінде өзіндік орны қалыптасқан дәстүрлі «Ұлытау үні» республикалық фестивалі биыл да ұлттық өнердің үлкен мерекесіне айналмақ.

Халқымыздың жүрегіне жақын, тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрі мен рухани болмысын ғасырлар бойы сақтап келе жатқан ерекше өнердің бірі – ақындар айтысы. Ұлттық сөз өнерінің мерейін үстем еткен осынау дүбірлі дода биыл ақын, Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерманның 75 жас мерейтойына арналады.
Жүрсін ағаның жүйріктері Ұлытау төрінде сөзден маржан теріп, ой мен тапқырлықты, шешендік пен суырыпсалма шеберлікті сынға салмақ.
Айтыс алаңында «Алтын домбыра» иегерлері Бекарыс Шойбеков (Түркістан облысы), Айбек Қалиев (Қостанай облысы), Мұхтар Ниязов (Қызылорда облысы), Рүстем Қайыртай (Абай облысы), Аспанбек Шұғатай (Павлодар облысы), айтыс ақтаңгері Дидар Қами (Қарағанды облысы), сондай-ақ суырыпсалма өнердің жүйріктері Төлеген Жаманов (Ұлытау облысы), Нұрлан Есенқұлов (Шымкент қаласы), Айым Асылбекқызы (Алматы облысы), Ержан Әміров (Қызылорда облысы), Өміржан Көпбосын (Ұлытау облысы), Иран-Ғайып Күзембаев (Астана қаласы), Шұғайып Сезімхан (Алматы қаласы), Қазырет Бердіхан (Алматы қаласы) өнер көрсетеді.
Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыстың ақтаңгері Аманжол Әлтай жүргізеді.
Қазақтың рухани мәдениетінің айнасы, ұлттық қазынамыз саналатын ақындар айтысын тамашалап, сөз додасының көрігін қыздырған жүйріктерге жанкүйер болуға асығыңыздар!
📅 2026 жылғы 9 қазан
🕑 Сағат 14:00
📍 Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласы, Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы
Сол күні көрермен қауым айтыстың тартысты сәттеріне куә болып қана қоймай, «Ұлытау үні» фестивалінің жабылуына арналған концерттік бағдарламаны да тамашалай алады.
Ұлытау төріндегі ұлы өнер думанына келіңіздер!
Көріңіздер, қолдаңыздар, ұлттық өнердің рухын бірге сезініңіздер!
