Елге еңбегі сіңген ер Жамсап Әшенов 80 жасқа толды

Біреудің өмірі өз басының қамымен шектелсе, енді біреулердің ғұмыры туған жерінің тарихымен біте қайнасып жатады. Сондай азаматтардың бірі бар саналы ғұмырын еңбекке арнап, Сарысу өңірінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан, елінің құрметіне бөленген қадірлі қария – Жамсап Әбуұлы ӘШЕНОВ.

Биыл Жамсап ақсақал мерейлі 80 жасқа толып отыр. Сексен жыл! Бұл – бір адамның ғана ғұмыры емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі. Балалықтың бал дәуренінен басталып, жастықтың жалынды шағына ұласқан, маңдай термен өріліп, елге қызмет етумен жалғасқан сегіз онжылдықтың өнегелі белесі. Осы жылдардың әр парағында ізденіс пен табандылық, жауапкершілік пен адамдық қасиет, туған жерге деген сүйіспеншілік жатыр.
Сексеннің сеңгіріне көтерілген шағында өткеніне көз салған жанның өмір жолынан тағылым іздейтіні заңды. Ал Жамсап Әбуұлының ғұмырына үңілсек, оның азамат болып қалыптасуының бастауында әке өнегесі, өмірлік ұстанымының негізінде адал еңбек, ал ел алдындағы абыройының арқауында туған жерге жасаған қызметі жатқанын көреміз.
Жамсап Әбуұлының өмір жолын әңгімелегенде, ең алдымен әкесі Әбу Әшенұлы туралы айтпай өту мүмкін емес. Өйткені оның бойындағы білімге құштарлық, табандылық, қиындықтан қаймықпайтын мінез бен еңбекке деген құрметтің бастауында әке тәрбиесі тұрғаны анық.
Әбу Әшенұлы бір әкенің жалғыз ұлы болыпты. Жалғыз ұлдың әкесі бағып отырған төрт түйесі бар екен. Бірақ Әбудың көкірегіндегі арман мал-мүліктен де биік еді. Жастайынан білімге құштар болып, өз бетінше ізденіп, сауатын ашуға ұмтылған. Ол заманда ауыл баласының білім алуы оңай емес. Мектеп те, оқу мүмкіндігі де бүгінгідей қолжетімді болмаған кезең.
Бірде ауылға саудагерлер келіпті. Білім іздеген жас Әбу осы сәтті өз арманына жетудің жолы деп қабылдайды. Әкесінің бағып отырған төрт түйесінің екеуін саудагерлерге сатып, соларға ілесіп Ақмолаға қарай жолға шығады.
Бұл – бір қарағанда жас жігіттің тосын шешімі секілді көрінгенімен, шын мәнінде оның білімге деген шексіз құштарлығын танытатын батыл қадам еді. Туған ауылынан алыстап, белгісіз жолға шығу, алда не күтіп тұрғанын білмей, білім іздеу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін тәуекел.
Әбу сол сапардан құр қол оралмады. Білім алып, қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болып туған ауылына қайтып келеді. Осылайша, бір кездері төрт түйенің екеуін білім жолына айырбастаған жас жігіт елге ұстаз болып оралып, кейінгі ұрпақтың сауатын ашуға қызмет етеді. Міне, Жамсап Әбуұлының әке өнегесі осындай еді.
– Әкем әңгімелерді өте көркем айтатын кісі еді, марқұм. Әсіресе «Ботагөз» романы мен «Сұлушаш» поэмасын айтқанда, кейінгі мұғалімдердей емес, талдап, әсерлеп айтатын. Әр оқиғаның мәнін түсіндіріп, кейіпкерлердің мінезін ашып, тыңдаған адамды өзіне тартып отыратын, – дейді Жамсап ақсақал әкесі туралы естелігін бөліскенде.
Бұл сөздердің астарында бір әкенің ғана бейнесі емес, тұтас бір дәуірдің зиялы азаматының тұлғасы тұр. Әбу Әшенұлы кітапты жаттап айтып қана қоймай, оның мазмұнын жүрекпен қабылдап, тыңдаушысына жеткізе білген. Бәлкім, Жамсаптың да кейін өмірдегі әр оқиғаны байыппен бағалап, сөздің қадірін түсінетін азамат болып қалыптасуына әкесінің осы қасиеті әсер еткен шығар.
Әкенің баласына қалдырар ең үлкен мұрасы – дүние-мүлік емес, санаға сіңірген тәрбиесі. Әбу Әшенұлы баласына білімнің бағасын өз өмірімен көрсетті. Ал Жамсап сол өнегені еңбекпен жалғастырды.
Қазақта «Әке көрген оқ жонар» деген сөз бар. Бұл нақыл Жамсап Әбуұлының өмір жолына дәл келетіндей.
Жамсап Әбұлы 1946 жылдың 2 желтоқсанында Рудник поселкесінде дүниеге келген. Балалық шағы «Қарой» жайлауында өтті. Бұл – кең дала мен ауыл тіршілігі астасқан, табиғаттың тынысын сезініп, еңбекке ерте араласатын қазақы ортаның кезеңі еді. Қаройдың кең даласы, жусанды белдері, мал өрген өрісі, ауыл адамдарының күнделікті күйбең тіршілігі оның бала күнгі естеліктерінің бір бөлшегіне айналды.
Бала Жамсаптың қатар өскен жолдастары Сабыр, Нәби, Өмірзақ, Ағайынек, Несіп еді. Бірге ойнап, бірге ержеткен ауыл балаларының арасында достық пен бауырмалдықтың орны бөлек болатын. Ауыл баласының балалығы тек ойынмен өтпейді. Үлкендердің тіршілігіне қолғабыс ету, шаруашылыққа араласу, айналадағы адамдармен тіл табысу – бәрі де оның өмірлік мектебі еді.
Жамсап әкесінің кітапқа құмарлығын көріп өсті. Үйде айтылған әдеби әңгімелер, шығармалардың мазмұны, сөздің мағынасы оның таным көкжиегін кеңейткен болуы керек. Әкесінің білім жолындағы батылдығы да баласының санасында із қалдырғаны сөзсіз.
Мектепке барғанға дейін балалық шағы «Қаройда» өткен Жамсап кейін Теректі мектебінде білім алып, оқуын Жезқазған қаласындағы №8 мектепте жалғастырады. 1966 жылы он бір жылдық мектепті тәмамдайды.
Сол кезеңде ауылдан шыққан әрбір жастың алдында үлкен таңдау тұратын. Бірі білім жолына түссе, бірі еңбекке араласып, отбасына көмектесуге ұмтылатын. Жамсаптың да көңілінде білімін жалғастыру арманы болды.
Мектеп бітірген соң Жамсап Алматыдағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына, яғни АЗВИ-ге құжат тапсырады. Бірақ конкурс нәтижесінде бір балл жетпей, оқуға түсе алмай қалады. Жастық шақтағы арманның бір баллмен орындалмай қалуы оңай соққы емес. Алайда Жамсап мойымады. Туған ауылына оралып, еңбекке араласады. Ол Сарысу асыл тұқымды қой зауытының №2 фермасына ветсанитар болып орналасады. Осылайша ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек жолы басталады.
Алғашқы жұмыс күндері оның бойындағы жауапкершілікті, ұқыптылықты, жазу-сызуға бейімділігін байқатқан болса керек. Көп ұзамай бұл қасиеттері ауылдағы басшылық назарынан тыс қалмайды.
Бір күні ауылдың бас есепшісі оны шақырып алады.
– Әй, Жамсап, сенің жазуың жақсы. Мектепте есептен де жақсы болыпсың. Сен маған көмекшілікке кел. Мен жалғыз өзім үлгере алатын емеспін, – дейді.
Бұл ұсыныс жас жігіт үшін жаңа мүмкіндіктің есігін ашқандай еді. Алдында тағы бір таңдау тұрды: бұрынғы жұмысын жалғастыру ма, әлде өзіне беймәлім есеп-қисап саласына бет бұру ма? Ол ойлана келе бел будым. Осылайша бухгалтерияға статист қызметіне ауысады. Бәлкім, сол бір күнгі шешім оның кейінгі кәсіби өмірінің бағытын айқындап берген шығар.
Жамсаптың бойындағы ұқыптылық пен есепке жүйріктік уақыт өте келе тәжірибемен ұштасып, кәсіби маман болып қалыптасуына негіз болды.
1968 жылдың шілде айында Қарағанды қаласына бір жылдық бухгалтерлік курсқа оқуға барады. Оқуын аяқтап, 1969 жылы бухгалтер мамандығын алып ауылға оралады.
Алайда ол келгенде бухгалтерлік орынға басқа адам қабылданып қойған екен. Жас маманның алған білімі мен еңбектенуге деген ынтасын байқаған совхоз директоры оны шақырып алып:
– Шырағым, Жамсап, кейін қандай жұмыс сұрасаң да берейін. Қазір сен мына пошта жұмысын жолға қойып бер, – деп өтініш білдіреді.
Мәселе поштада еді. Бір жыл бойы жабық тұрған мекеменің жұмысы тоқтап қалған. Бұрынғы қызметкерінің мойнына ақша мініп, қаржы мәселесіне байланысты істі болғаны жөнінде әңгіме бар болатын. Жас маманға оңай таңдау түскен жоқ. Бір жағынан, совхоз директорының сенімі, екінші жағынан, жауапкершілігі ауыр қызмет.
Жамсап үйіне келіп, бұл жағдайды әкесіне айтады. Ал ұлының поштаға бармақ болғанын естіген Әбу Әшенұлы бірден қарсы болады.
– Ойбай, барма! Сотталып кетесің. Ол жердің былығы көп, жұмысы ауыр. Есің болса, поштаға жолама! – деп алаңдаушылығын білдіреді.
Әке жүрегі баласының амандығын ойлады. Бір кездері білім іздеп, төрт түйенің екеуін сатып жолға шыққан Әбу енді ұлының жауапкершілігі ауыр жұмысқа араласқанын қаламайтын.
Бірақ Жамсап бұл жолы да тәуекелге бел буады. Әкесінің алаңдаушылығын түсінсе де, өзіне артылған сенімді ақтауға шешім қабылдайды. Ол пошта қызметіне орналасып, жабылып қалған мекеменің жұмысын қайта жолға қоюға кіріседі.
Бұл жерде оның тек есеп жүргізу қабілеті емес, тәртіп орната білуі, жауапкершілігі мен табандылығы сыналды. Жұмысын жүйелеп, мекеменің қалыпты қызмет атқаруына күш салды. Осы қызметте төрт-бес жылдай еңбек етті. Бірақ бір қиындық бар еді: енді басқа жұмысқа ауысқысы келсе де, совхоз директоры оны жіберуге асықпайтын. Өйткені сенімді қызметкерді табу оңай емес.
Жамсап та бұл жағдайдан шығудың жолын іздейді. Сол кезде Алматыда оқып жүрген інісі Ғазиздің көмегі тиеді. Ғазиз институтқа ағасының құжаттарын апарып тапсырып, оның оқуға қабылданғаны туралы анықтама алып береді. Кейін сессия тапсыру үшін шақырту қағазы келеді. Осы құжаттарды негізге алған Жамсап пошта қызметінен босауға мүмкіндік алады.
Бұл оқиға оның өміріндегі тағы бір белесті көрсетеді. Бір жағынан, ол әкесінің алаңдаушылығына қарамастан, жауапкершілігі ауыр қызметті атқарып шықты. Екінші жағынан, білімін жалғастыруға деген ниетінен де бас тартпады. Сөйтіп, поштадағы еңбек кезеңі де артта қалды. Бірақ сол жылдар оның өмірлік тәжірибесіне, адам тануына, қиындықпен күресе білуіне үлкен сабақ болды.
Жамсап Әбуұлы үшін еңбек – күнкөріс көзі ғана емес, өзін-өзі жетілдірудің, адам ретінде қалыптасудың жолы еді. 1974–1977 жылдары ферма бухгалтері қызметінен бастап, орталықтағы бас бухгалтердің орынбасарына дейін көтерілді. Осы аралықта Алматы қаласында бас бухгалтерлер дайындайтын алты айлық курсты тәмамдады. 1978–1980 жылдары Сарысу сауда бірлестігінің директоры қызметін атқарды. Қызметтің жауапкершілігін арқалай жүріп, білімін жетілдіруді де тоқтатпады. Алматыдағы АЗВИ-ге сырттай оқуға түсіп, зоотехник-инженер мамандығын меңгеріп, диплом алды.
Бір кездері конкурстан бір балл жетпей оқуға түсе алмай қалған жас жігіт енді арманын сырттай білім алу арқылы жүзеге асырды. Бұл – табандылықтың, мақсатқа адалдықтың көрінісі.
1981 жылдан 2001 жылға дейін ауыл шаруашылығының түрлі саласында қызмет етті. Орталықтағы ірілендірілген қырқым пунктінің меңгерушісі, ферма зоотехнигі, ферма меңгерушісі болып еңбек етті.
Жиырма жылға жуық уақыт ауыл шаруашылығы саласында жүрген ол мал шаруашылығының қыр-сырын, өндірістің ерекшелігін, еңбек адамдарының тұрмысын жақсы меңгерді.
Әр қызмет оның тәжірибесін толықтырып, басқарушылық қабілетін шыңдай түсті. Ең бастысы, ол қай жерде жүрсе де, өз міндетіне жауапкершілікпен қарауды өмірлік қағидасына айналдырды.
2001 жылдың шілдесі. Жамсап Әбуұлының өміріндегі жаңа кезең басталды. Осы жылы Ұлытау ауданының әкімі Баттал Мұқышұлы оны Сарысу селолық округінің қызметіне тағайындайды. Бұл – үлкен сеніммен бірге келген үлкен жауапкершілік еді. Ауылда шешімін күткен мәселелер аз емес болатын. Аудан әкімі оған ауылдағы жағдайды реттеп, проблемаларды өз бетімен шешудің жолын қарастыруды тапсырады.
Жамсап жаңа қызметіне кіріскен күннен бастап аудандағы мекеме басшыларымен, ауыл тұрғындарымен ақылдасып, елді мекеннің ішкі жағдайын зерттеуге кіріседі. Ол әр мекеменің басшысымен сөйлесіп, тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, ауылдың ең өзекті мәселелерін анықтауға тырысты. Осы кезеңде оның өмір бойы жинаған тәжірибесі кәдеге жарады. Ауыл шаруашылығындағы қызметі адамдармен тіл табысуды үйретсе, есепшілік пен басшылық жұмыстары шаруаны жоспарлап, қаржыны тиімді пайдаланудың жолдарын меңгерткен еді. Енді осы тәжірибені ел игілігіне жұмсайтын уақыт туған болатын.
Алдымен ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуге көңіл бөлді. Бұл кезде су мәселесі ауылда өткір тұр еді. Тұрғындар тарифті уақытылы төлеп тұрса да су дұрыс берілмейтін. Сол кездері сумен айналысатын азаматпен талай мәрте сөзге де келіп қалып жүрді. Ақыры оның шешімін тапты. Салып ұрып аудан әкіміне барды. Жағдайды түсіндіре келіп, жаңа су желісін тартуды ұйғарғанын айтты.
– қазіргі тартылған су құбырларымен қатарлас екінші желі тартырамын, су жинайтын мұнараны да жаңартамын. Осылайша су мәселесін біржола шешеміз. Тек оған қаржы керек, – деді әңгімені турасынан қойып.
Аудан басшылығы ақылдаса келе Жәкеңнің ұсынысын мақұлдады. Қаржы бөлінді. Құбыр тартылды. Осылайша ауылда суға қатысты шу біржола шешілді. Тіпті кейбір тұрғындар суды үйлеріне кіргізіп те алды. Кейін бұл үрдіс ауыл бойынша жүзеге асырылды.
Жәкеңнің тағы бір қолға алған шаруасы ауылдың тазалығы болды. Иесіз жатқан қоқыстарды тазарту жұмыстарын ұйымдастырып, Қарағанды облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлдіруге күш салды. Ол кезде өңір Қарағанды облысының құрамында болатын. Оның түсінігінде ауылдың көркі – тазалықтан басталады. Адам тұратын жердің айналасы таза болса, елдің де еңсесі көтеріңкі болады.
Келесі кезекте ауыл тұрғындары көптен күткен мешіт құрылысына кірісті. 2001 жылы мешіт құрылысын тың жерден бастап, ауыл тұрғындары мен фермерлерді, демеушілерді ортақ іске жұмылдырды. Құрылыс жұмыстары 2005 жылы аяқталып, 26 қарашада мешіттің ашылу салтанаты өтті. Бұл – ауылдың рухани өміріндегі елеулі оқиға еді. Өйткені мешіт – тек құлшылық орны ғана емес, имандылықтың, татулық пен бірліктің мекені.
Жамсап Әбуұлының Сарысу ауылына сіңірген еңбегінің ішінде мектеп құрылысының аяқталуы ерекше орын алады. Ауылдың бұрын басталған мектебінің құрылысы 1990 жылы тоқтап қалған еді. Арада жылдар өтсе де, бұл мәселе шешімін таппай, ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген үлкен арманға айналған.
Мектеп – ауылдың болашағы. Балалардың білім алатын орны жоқ болса, елдің ертеңі туралы қалай ойлануға болады? Жамсап Әбуұлы осы мәселені шешуге бар күшін салды. Қарағанды облысының бюджетінен 197 миллион теңге қаржы бөлінуіне ықпал етті. Құрылыс жұмыстары тендер арқылы Жезқазған қаласындағы «Олжа» фирмасына тапсырылды. Ақыры 2006 жылдың 22 қыркүйегінде 504 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл күн Сарысу ауылы үшін тарихи күндердің бірі болды. Ұзақ жылдар бойы аяқталмай тұрған құрылыс енді балалардың білім ордасына айналды.
Мектептің ашылу салтанатында ата-аналардың қуанышын, ұстаздардың толқынысын, балалардың шаттығын елестетудің өзі қандай әсерлі! Кеше ғана құрылыс алаңы болған жерде енді қоңырау сыңғыры естілді. Жаңа сыныптарға балалар кіріп, ұстаздар сабақ бере бастады. Бір қарағанда, бұл – құрылыс жұмысының аяқталуы ғана. Ал шын мәнінде, бұл ауыл балаларының болашағына жасалған инвестиция, елдің ертеңіне деген сенім еді.
Сонымен қатар ауыл көшелеріндегі жолдардың жағдайы да назардан тыс қалмады. Асфальт жолдардағы шұңқырларды тегістеу, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Электр жарығына қатысты мәселелер де бақылауда болды. Мұның бәрі бір күнде атқарыла салған жұмыстар емес. Әрқайсысының артында ізденіс, ұйымдастыру, тиісті мекемелермен байланыс орнату, қаржы мәселесін шешу секілді күрделі жұмыстар жатты. Басшылықтың қадірі де осындайда білінеді. Халықтың мұқтажын көріп қана қоймай, оны шешудің жолын табу – нағыз жауапкершіліктің өлшемі.
Адамның азаматтық болмысы оның қызметінен ғана көрінбейді. Оның отбасындағы орны, жарына деген құрметі, бала тәрбиесіне қосқан үлесі де өмірінің мәнін айқындайды. Жамсап Әбуұлының өмірінде отбасының орны ерекше. Жары Аққу Ахметовамен бірге өмірдің талай белесін артқа тастады. Бір-біріне тірек болып, қуаныш пен қиындықты бөлісіп, жеті перзент өсіріп, тәрбиелеген. Бүгінде балаларының барлығы үйлі-баранды. 13 немере, 5 шөберенің қызығын көріп отыр.
Қазақтың «Балалы үй – базар» деген сөзі осындайда ойға оралады. Кеше ғана әкесінің әңгімесін тыңдап өскен бала бүгінде өзі де ұрпағына ақыл айтып, немере-шөбересінің ортасында отырған қадірлі қарияға айналды. Оның әулетінде білім мен еңбекке құрметтің жалғасын табуы да тегін емес. Үлкен інісі Ғазиз Әбуұлы Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп, кейін аспирантурада білімін жалғастырып, техника ғылымдарының кандидаты атанған. Жары Гүлжахан – жоғары білімді ұстаз. Қарындасы Гүлжахан да Қарағанды қаласындағы Кооператив институтын бітірген жоғары білімді маман. Жолдасы Қобыланды – тау-кен инженері. Бұл – бір әулеттің білімге, еңбекке деген құрметінің айқын көрінісі.
2010 жылы Жамсап Әбуұлы зейнеткерлікке шықты. Алайда зейнет демалысына шыққанымен, оның өмірлік тәжірибесі мен ел алдындағы абыройы өз мәнін жоғалтқан жоқ. Көп жылғы еңбегі де ескерусіз қалмады. Ол Ұлытау ауданының Құрметті азаматы атанды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған марапатқа, Ұлытау ауданының 80 жылдығына арналған төсбелгіге, «Алтын қыран» Құрмет белгісіне, Республикалық ардагерлер ұйымының «Құрметті ардагер» төс белгісіне және ауданның дамуына қосқан үлесі үшін төс белгісіне ие болды. Сондай-ақ Қарағанды облысы мен Ұлытау өңіріндегі Ардагерлер ұйымдарының, аудан басшылығының атынан Алғыс хаттар, Құрмет грамоталары мен дипломдармен марапатталған.
Бұл марапаттардың әрқайсысы – оның өмір жолындағы белгілі бір кезеңге берілген баға. Бірақ ардагер үшін ең қымбат марапат – өзі еңбек еткен ауылдың құрметі, бірге қызмет еткен азаматтардың ризашылығы, өсіп-өнген ұрпағының амандығы болса керек.
Бір кезде әкесінің кітап оқып, «Ботагөз» бен «Сұлушаштың» мазмұнын әсерлеп айтып отырған сәттерін тыңдаған бала Жамсап бүгінде өзі де өмірдің үлкен кітабын парақтап шыққан қарияға айналды. Оның ғұмырнамасының әр бетінде маңдай термен жазылған еңбек, табандылықпен келген жетістік, туған жерге деген сүйіспеншілік бар.
Сарысу ауылындағы мешітте азан шақырылып, мектепте балалар білім алып, ауыл тұрғындары таза суды пайдаланып, күнделікті тіршілігін жалғастырып жатыр. Осындай игіліктердің қалыптасуына атсалысқан азаматтың еңбегі уақыт өткен сайын бағалана түспек.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.