Президент халықаралық ұйымдар және жетекші шетелдік университеттер басшыларымен өткен дөңгелек үстелге қатысты
Мемлекет басшысы бұл жиын серіктестікті жаңа әрі сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Бүгінде мұның маңызы арта түсті. Қазіргі геосаяси шиеленіс білім мен технология салаларына да әсер етіп отыр. Ғылыми ынтымақтастық қауіпсіздік тұрғысынан қарастырыла бастады. Озық жетістіктерді ортақ игілік емес, бәсекелестік құралы ретінде қабылдау жиіледі. Бұған білім мен технология дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналған кезеңде куә болып отырмыз. Жасанды интеллект, жаңа материалдар, энергетикалық және биотехнологиялар экономиканы, еңбек нарығын, сондай-ақ білім беру жүйесін өзгертіп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент білімнің жаңа бағыттарын игеруге, білікті маман даярлауға және ғылыми идеяларды технологияға айналдыруға қабілетті елдер ғана табысқа жете алатынына назар аударды.
– Біз елімізді халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі әрі түрлі өңірлерді байланыстыратын көпір ретінде таныта алдық. Адам капиталын дамыту, білім-ғылымды және инновацияны ілгерілету – ұлттық стратегиямыздың негізгі бағыттары. Тағы да атап өткім келеді, бұл басымдықтар еліміздің тарихында алғаш рет Конституциямызда мемлекеттің стратегиялық мақсаттары ретінде бекітілді. Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауымда технологиялық жаңаруды жеделдету, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ азаматтарымызды жаңа цифрлық экономикаға бейімдеу қажеттігіне баса мән бердім. Бұл мақсатқа қол жеткізу жекелеген бастамаларды емес, керісінше мемлекеттің, университеттер мен бизнестің дәйекті әрі үйлесімді әрекет етуін талап етеді, – деді Мемлекет басшысы.
