Ауылдың ардақты азаматы

Әр азамат ісімен, еңбегімен көрікті. Демек, кез келген кісі туралы сөз бастағанда ең әуелі ол не бітірді, не тындырды деген сауалға жауап іздейтініміз рас. Мұндағы мақсат – еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген азаматтардың еңбегін жас ұрпаққа үлгі ету. Сондай азаматтың бірі, Шеңбер ауылында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, өңір экономикасының дамуына өзіндік үлес қосқан Бауыржан АЛПЫСБЕКОВ.

Ол 1961 жылы 19 қазанда Ұлытау ауданы Шеңбер ауылында туған. Әкесі Қалқайдар еңбекқор, өз ортасына сыйлы кісі болған. Анасы Аққағаз бала тәрбиесімен айналысқан, бірбеткей, тік мінезді жан еді. «Әкеге қарап ұл өседі» дегендей, Бауыржанның өнеге мен тәлім – тағылымдық қасиеттерді бойына сіңіруі осындай ортаның әсері болар. Сабақты да жақсы оқыды. Бала күнінен есеп – қисапқа алғыр болды. Шаруаға бейім, еңбекқор болып өсті.
1978 жылы мектепті жақсы бағамен бітіргенімен, жоғары оқу орнына бармай ауылда қалды. Бір жыл «Самал-78» комсомол-жастар бригадасының құрамында болып, мал шаруашылығын өркендетуге үлес қосты.
1980-1982 жылдары Ресейдің Сверловск облысының Тавда қаласында әскери міндетін абыроймен атқарған Бауыржан ауылға оралысымен, еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласынан бастап, түрлі жұмыстар атқарды. Кейін механизатор болды. «К-700» тракторын жүргізді. Қысқасы, қара жұмыстың қазанында қайнады, маңдай термен келер табыстың ащы да, тәтті де дәмін татты. Сондағы еңбек жолдары оның шымыр да шыныққан еңбек десе жанып тұратын жігерлі азамат болып жетілуіне ықпалын тигізгені анық. Әсіресе, жұмысқа немқұрайлылықпен қарау оған жат дүние еді. Сол кездің өзінде жастығына қарамастан алдыңғы қатарлы майталман механизаторлардан қалыспай қатарласа еңбек етті.
Уақыт өте келе, Кеңес Одағы ыдырап, жекешелендіру науқаны басталған шақта, Бауыржан Қалқайдарұлы көп ойланбастан «Байтілеу» қыстағы қасынан 2000 гектар жер алды. Бұл – 1995 жыл болатын. Жеке шаруашылық құруда қатты қобалжып, жүрексінгенімен, бастапқы ауыртпалыққа ол мойымады. Өйткені, оның алған жері шөбі шүйгін, суы мол, мал өсіруге өте қолайлы жайлы жер болатын. Мал шаруашылығына жасынан көзі қанық азаматтың жұмысы да алға баса берді. Дәл сол кезде есеп–қисапқа жүйріктігі шаруашылықты жүргізуде үлкен кәдеге асты. Шаруашылықтың шығыны мен кірісін шашау шығармай есептеп отырды. Соның арқасында мал басын көбейтті, төл өргізді, өнімдерін өндірді. Төккен тер, жұмсалған күш-қайрат көп ұзамай жемісін бере бастады. Малдан түскен қаражатпен әулет балаларын оқытты. Тұрғын үймен қамтамасыз етті. Жағдайларын жақсартты.
Бүгінгі күні Бәкең туралы жақсы сөз, оң пікір ауыл халқы арасында жиі айтылады. Бұлай айтатын реті де бар. Ол ауылдық деңгейде ұйымдастырылған іс шараларға демеуші болып жүрген азаматтардың бірі. Жомарт жандардың қатарында. Пейілі кең, қолы ашық Бәкең бүгінгі таңда ел–жұртының құрмет-қошеметіне бөленуде.
Бір жылдары №2 Қорғасын орта мектебіне қолдау көрсетіп, оқушылардың жаңа жыл кешін ұйымдастырып берді. Мектепке естелік ретінде шырша сыйлаған. Жыл сайын Шеңбер ауылында өткізіліп жүрген аламан бәйгенің алғашқы ұйымдастырушысы әрі демеушісі Бауыржан Қалқайдарұлы. Мұны біреу білсе, біреуі білмеуі де мүмкін. Тізе берсек, ауыл жұртына жасаған қамқорлығы жетерлік. Бәкеңнің атқарған әр ісінен нағыз ерге тән қасиеттерді аңғару қиын емес. Қашан көрсең де ауыл болашағын ойлап жүргені. Осы бағытта ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерді көтеріп, ауылға жанашырлық танытып жүрген азамат.
Тағы бір бойына қалыптасқан қазақы мінезі қиқу шықса қаны қызатын әдеті. Ат жарыс десе ішкен асын жерге қоятын азамат. Бәйгеге ат қосқанды жақсы көреді. Екінші қыры – қоңыр дауысымен ән салатын өнері де бар.
Аллаға шүкір, биыл Бәкең 65 жасқа толды. Бірақ әлі де шаруа қожалығының тізгіні өз қолында. Құдай қосқан қосағы Зайрамен бірге заман көшінен қалмай, сол құт мекен Байтілеуде шаруа қожалығын дөңгелете мал өсіріп, балалары мен немерелеріне еңбектің қыр-сырын үйретіп отыр. Өзіне салсаң, ең даланы еркін жайлаған азаматтық болмысымен:
— Ауыл деген тіршіліктің күре тамыры ғой. Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының еңселі саласы емес пе?! Сондықтан, ауылды дамыту керек, — дейді ол.
Табиғатынан еңбекқор Бәкең өмірдің соқпақтарындағы жетістік пен жеңістің түйіні адал еңбекте екенін айтады. Сол кешегі өткен кезеңнің мақтау марапаттары мен орден – медальдары жемісті еңбегінің естелік белгісі сынды. Озаттар сапында облыстық, республикалық қала берді Одақ көлемінде алған медалі де бар. Ол КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысқанда алған «Күміс» медалі. Ал еліміздің Тәуелсіздік жолында көрсеткен айрықша еңбегі мен елеулі үлесі үшін есімі энциклопедияға еңгізіліп, «Ұлт тұлғасы» төсбелгісімен марапатталған.

Міне, осындай күрмеуі мол тірліктің кедергілерінен сүрінбей өтіп, тек азаматқа лайықты табандылық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп келе жатқан Бауыржан Қалқайдарұлы шаруа қожалығының жұмысында жақсы жолға қоя білді. Ауыл тірлігін қалпына келтіруге өзіндік үлес қосты.
Біле білсек, Бауыржанның да өмірлік ұстанымы көз қарасы мен мақсат-мұраты бар. Онысы ауылдың өсіп – өркендеуіне ат салысу болатын. Бүгін сол ұстанған ұстанымымен ауыл шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетіп келеді. Өйткені, оның өзіндік еңбек жолы, тіршілік баяны бар. Бірақ, еткен еңбегі, татқан зейнеті, алған асуы, жеткен биігі әрқилы. Ал біздің іздейтініміз біреу ғана ол – Бәкеңнің кісілік келбеті, азаматтық тұлғасы.
Осы мақаланы жазу үшін ізденіс барысында Бауыржан Қалқайдарұлының шыншыл, көзі қарақты, бірбеткей азамат екендігіне анық көз жеткіздім. Бәкең қызу қанды болғанымен, орнықты сөйлейтін азамат. Қоғам, ел ішінде болып жатқан оқиғаларға ілесіп кетпей, қажет болса салиқалы баға беріп, салмақты сөз сөйлей біледі. Ол ешқашан адамдық қалпынан айнымаған, азаматтық болмысына қылау түсірмеген азамат. Досқа адал, екі сөйлемейтін кісі. Оның жасандылықтан ада, жағымпаздыққа жаны қас, өршіл мінезі басқалардан дараландырып, өзін биіктетіп тұрады. Бұл оның өзіне ғана жарасатын кейпі.
Қорыта айтқанда, Бауыржан Қалқайдарұлының бір кітапқа жүк болатындай атқарған еңбегін, шағын жазба аясына сыйғызу мүмкін емес. Әйтсе де, алпыс бестің белесіне шығып, ел-жұртының құрметіне бөленіп отырған Бәкеңнің еңбек жолын тоқсан ауыз сөзбен түйгендей болдық.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.