Ел мәдениеті тілден басталады

Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген екі қазақтың бірі оны ұлттың рухына, халықтың қазына-байлығына балайтыны бар. Талас жоқ, бәрі дұрыс. Халықтың қасиетті тілімізге беріп жүрген бағасы бұл ғана емес. Кейбіреулерін атап өтейік: «Тіл – халықтың жаны, ділі, рухы, елдік қасиеті, ұлттық болмысы», «Тіл – атадан қалған асыл мұра», «Тіл – асыл ойдың бұлағы», «Тіл – ел басқарудың құралы», «Тіл – тәуелсіздіктің тұғыры», «Тіл – елдігіміздің іргетасы», «Тіл – білім, тәрбие тұғыры», «Тіл – татулық тірегі», «Тіл – тәуелсіздік тұғыры», «Тіл – достықтың мерейі», «Әдеп басы – тіл», «Тілді қорлау – халықты қорлау», «Тілі өлген ел – тірі өлген ел», «Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем», «Ұлттың қуаты – тілінде».

Осы тәрізді халықтың жүрегінен шыққан, ана тіліне деген мейірім, махаббат сезімін білдіретін қанатты сөздерде көп-ақ. “Халықтікі” деп отырғанымыздың себебі – көбісінің авторы белгісіз, ұмыт болған. Бірақ, олар – ел қамын жеген, тіл тағдырына бейтарап қарай алмаған халық перзенттері және бұлар ойланып-толғанып барып, ақиқатқа көзін жеткізіп, ой-тұжырымдар жасағандар. Бұл тәрізді ой-тұжырымдардың баршасы – ел аузынан түспей, ғасырлар өтсе де ұрпақ жадында сақталған қанатты сөздер.
Сөзіміз дәйекті болу үшін бірер дерек келтіре кетейік, мәселен “Тәрбие басы – тіл” деген осы күнге дейін мән-мағынасын жоғалтпаған қанатты сөзді ХІ ғасырдың ұлы филологы – Махмұт Қашғари айтса, “Әдеп басы – тіл” деген тағылымды өсиет ХІІ ғасырдың ұлы ойшылдарының бірі – Ахмет Йүгінәкидің есіміне қатысты. Бұлардың баршасы – өз кезінде айтыла салған әсіре қызыл сөз емес, ойшыл да ақылман бабаларымыздың өмірден алынған, жүрегінен қайнап шыққан, құдіреті күшті ана тіліміздің қадір-қасиетін терең түсінуден туындаған қанатты сөздер.
Ана тіліміздің табиғи болмысы, қадір-қасиеті бұл келтірілген қанатты сөздер сипаттамасымен ғана шектелмесе керек. Ана тіліміздің атқаратын барша қоғамдық-әлеуметтік қызметтерінің ішінде шоқтығы биік тұрған, аса елеулі тағы бір қызметі – оның ұлттық мәдениетіміздің негізі, ұйытқысы болу қызметі. Осыған орай, әңгімеміздің негізгі мақсаты “Ел мәдениеті тілден басталады” деген қанатты сөздің тіл құдіретіне қатысты мән-жайын айқындай түсуге байланысты.
Генетикалық байланыстар – рулар мен тайпалардың бір-бірімен ұдайы құдандалық қарым-қатынастарда болып қан жаңартып, ұрпақ жаңғыртып өсіп-өну процесінің жемісі.
Халық қалыптасуының алғашқы кезеңінде, біріншіден, осы генетикалық байланыстар тамыр жайып тереңдеген сайын, сол халыққа тән антропологиялық тип жасалды; екіншіден, экономикалық және мәдени қарым-қатынастар кеңейген сайын сөйлесудегі тайпалық диалектілер біртіндеп жойылып, сол халықтың біртұтас ұлттық тілі қалыптаса бастады. Осылайша, кез келген халық өзінің халық ретінде қалыптасу кезеңінде өз тілін өзі жасап, осы тума тілімен ғана ұлттық сипатқа ие болды. Сондықтан, ұлт деген түсінікті тіл ғана айқындап береді.
Қазіргі жаһандану заманында меншікті мемлекеттілігі жоқ саны аз халықтар қай елде де ең әуелі тілдік тұрғыдан ұлт ретінде құрып кетіп жатыр, немесе құрып кету қаупіне тақап тұр. Ана тілін ұмытып, ұлттық қасиетін жоғалтқаннан кейін ғана халық, халық ретінде біртіндеп жойылып, өзін бодан болдырған үлкен халыққа сіңіп кетеді. Ендеше, тіл – халықтың ұлттылығын сипаттайтын ең негізгі қасиеті. Кез-келген адамның қандай ру-тайпаларға, қандай халыққа жататындығы оның генетикалық шығу тегіне байланысты болады да, ұлттық сипаты оның ана тілі ретінде сөйлеген тілімен анықталады.
Әрбір халықтың өз ана тілі бар. Ол – жеке адамның ойлап тапқан туындысы емес, барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сондықтан да болар, ана тілінің барша болмысы, тіпті оның әрбір дыбысы мен жалғау-жұрнағы сол ұлттың әрбір шынайы азаматына танымал, мәдени-әлеуметтік өмірде өзіндік мәні бар киелі ұғым.
Ана тілін әркім-ақ қолданады, бірақ ол жеке адамның қарақан басы үшін жасалған дүние емес. Әдетте, бұл сауалға лингвистика ғылымының “ана тілі – этностық қауымдастық мүшелерінің өзара түсінісіп, байланыс жасауға қажетті қатынас құралы” деген жауабы дайын тұратыны белгілі.
Бұл да – шындық. Бірақ ана тілінің атқаратын қызметі тек сол ғана ма? Тілдің коммуникативтік қызметтерінен басқа ерекше атауға тұрарлық эстетикалық және коммулятивтік қызметтері тағы бар емес пе? Тілдің эстетикалық қызметі белгілі этностық қауымдастықта қалыптасқан көркемөнердің (сурет, сәулет, бейне, музыка, т.б.) небір ғажайып үлгілерін тіл арқылы бейнелеп жеткізуде, табиғат пен қоғамдық өмірдегі небір ғажайып құбылыстарды сөздің құдіретті күшімен әсірелеп танытып, адамның жан дүниесіне эстетикалық ләззат сыйлаудан айқын байқалса, бұрынғы өткен ата-бабаларымыздан ұрпағына рухани мұра болып қалған мол қазына – ақыл-парасат, аталы сөз, даналық пен өсиет-тағылымдардың баршасы тіліміздің коммулятивтік қызметі арқылы үзілмей жалғасып отырады.
Тіліміздің бұл екі саладағы, өзара астарлас әрі тығыз байланысты қызметтері ұлттық мәдениетіміздің ғасырлар бойы дамуындағы үзілмес өзегі, қайнар бұлағы болып саналады. Тілдің осы бір абзал қызметі тәркіленген қауымда ұлт мәдениетінің сақталуы да мүмкін емес, ол да жоғалады. Ал, мәдениетсіз қауым – ол есте жоқ ескі замандардағы жабайылардың бір тобыры ғана.
Осы орайда елдігіміздің негізі – ұлттық мәдениетімізге, ал ұлттық мәдениетіміздің негізі – ана тілімізге тікелей байланысты екендігіне ерекше көңіл аударған жөн.
Біз әдетте: «тіл – мәдени мұраның үзілмес өзегі», «тіл – мәдени қазынаның қайнар бұлағы» деген ұғымдарды жиі қайталаймыз. Сондағы мақсат: мемлекеттік тілдің абыройын арттырып, мәртебесін көтере түсу үшін ғана емес, сонымен қатар, «ана тілі» атты сирек кездесетін, тіпті бір жойылса, қайтып тіріле қоймайтын феноменнің ең алдымен ұлттық мәдениетімізге тікелей қатыстығын, оның бұл салада атқарып келе жатқан абзал қызметі бар екенін бүгінде егемен ел, тәуелсіз мемлекет болып, айы оңынан, жұлдызы солынан туып отырған қазақ қауымының есіне салып, оның осы бір ерекше қасиетін, жауапты міндетін дұрыс бағалай білуге шақыру.
Ана тіліміздің ұлттық мәдениет саласында атқарып келген қызметтерін ғылымда «оның коммулятивтік міндеттеріне жатқызады» дедік. Олардың ең бастысы – этностық қауымдастықтың басып өткен барша өмірі мен бүгінгі болмысының арасын үзбей жалғастырып, рухани көпір болуы. Демек, тілдің бұл қызметі — халықтың тарихи санасы мен жадында білдіреді деген сөз.
Ұлттық мәдениетті, әдетте, «материалдық (заттық) және рухани мәдениет» деп екіге бөліп қарау дәстүрі бар. Тіл бұлардың екеуіне де қатысы бар және өзі де ұлттық мәдениеттің үлкен бір саласы болып саналады.
Ұлттық мәдениетке әсіресе, тіл негізінде дамитын рухани мәдениетімізге халқымыздың ғасырлар бойы қалыптастырған бай ауыз әдебиетінің сан алуан үлгілері, небір дүлдүл ақын-жырауларымыз бен шешендердің де ділмар дана бабаларымыздың да кейінгі ұрпаққа қалдырған бай мұрасы, ертегі, қисса, әңгімелері мен мақал-мәтел, тағылым-тәрбиелі, аталы сөздері жататыны белгілі.
Міне, осыншама мол рухани дүниеміз ана тіліміздің жоғарыда көрсетілген коммулятивтік қызметі арқасында түгелдей қағазға хатталмаса да, халқымыздың жадында сақталып, бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.
Осыншама мол дүниенің болашақ ұрпаққа қалай және қай қалпында сақталып, қандай жолдармен жетіп отырғаны бүгінге дейін көп сөз бола бермейтіні ақиқат. Өйткені, кешегі партократиялық идеологияның ұстанған қағидаты бойынша өткендегінің бәрі, әсіресе, оның өзекті саласы саналатын рухани дүниесі бүгінгі күннің талабына сай келе бермейтін қажетсіз мұра ретінде көбісі беті ашылмай, ашылса да, оқырман қолына жетпей, архивтердің сөрелерінде жылдар бойы шаң басып жатқаны баршаға белгілі.
Міне, сол мәдени мұраға деген әділетсіздік енді ғана, тәуелсіздікке қолымыз жеткен елімізде ғана оң шешімін тауып отыр. Ұлттық тіл де, сол тіл арқылы өсіп-өнген ұлттық мәдени мұра мен басқа да өркениет нышандары тек тәуелсіз елде ғана дамитындығына жұрттың көзі жете бастады.

Айнұр ӘБІЛХАЙЫРОВА,
Ұлытау ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы.