Жасанды интеллект – болашақтың кілті

«Заман өзгерсе, заң өзгереді» дейді дана халқымыз. Бүгінде біз адамзат тарихының ең күрделі әрі қызықты белесіне қадам бастық. Кешегі қиял-ғажайып ертегілердегі «ұшатын кілем» мен «сөйлейтін айна» бүгінгінің шындығына айналды. Төртінші өнеркәсіптік революцияның жемісі – Жасанды интеллект (ЖИ) біздің есігімізді қақпай-ақ, төрімізге шықты. Алайда, бұл технология бізге не береді? Көмекші ме, әлде қауіп пе? «Ақыл – тозбайтын тон, білім – сарқылмайтын кен».

Адамзат ақылының туындысы болған бұл жаңалық бүгінде медицинадан бастап, ғарышты игеруге дейінгі аралықта адамға оң қол болып отыр. Бірақ «әр нәрсенің екі жағы бар» демекші, цифрлық әлемнің де өз көлеңкесі жеткілікті.
Мамандықтар майданы: Кім қалады, кім барады?
Халқымызда «Ескі кетпей, жаңа келмейді» деген сөз бар. Жасанды интеллектің қарқынды дамуы көптеген дәстүрлі мамандықтардың жойылуына немесе трансформациялануына әкеп соғуда. Деректерді өңдеушілер, есепшілер, аудармашылар, тіпті заңгерлер мен операторлардың жұмысын бүгінде машиналар әлдеқайда жылдам әрі дәл атқара бастады. Бұл – уақыттың талабы.
Алайда, «Өнерлінің қолы-алтын, өлеңшінің сөзі-алтын» дегенді ұмытпауымыз керек. Машина қаншалықты жетілгенімен, оның бойында адамға ғана тән қасиеттер – шынайы мейірім, сезімталдық, сыни ойлау мен шығармашылық жоқ. Робот өлең жазуы мүмкін, бірақ ол өлеңнің жанын түсінбейді. Сондықтан, алдағы уақытта «адам мен адам» тікелей қарым-қатынас жасайтын, эмоциялық интеллектті қажет ететін мамандықтардың (педагогика, психология, шығармашылық өнер) қадірі арта түспек.
Біз бұған дайынбыз ба?
«Сақтықта қорлық жоқ» – дейді аталарымыз. Технологияның дамуынан қорқудың қажеті жоқ, онымен тіл табысуды үйренуіміз керек. Бүгінгі жастар үшін ең басты қару – бейімделгіштік. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады». Егер, біз жасанды интеллектіні бәсекелес емес, құрал ретінде пайдалана алсақ, онда ұтылмаймыз.
Қазіргі таңда «цифрлық сауаттылық» – жай ғана термин емес, өмір сүрудің кепілі. Біздің білім беру жүйеміз бен қоғамдық санамыз бұл өзгерістерді қабылдауға әзір ме? Мәселе осында. «Көш жүре түзеледі» деп жайбарақат отыруға уақыт тар. Болашақтың еншісіндегі мамандықтарға бүгіннен бастап икемделу – ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің басты шарты.
Түйіп айтқанда, ақылдың ақ сауыты жасанды интеллект – бұл үлкен мүмкіндіктер мұхиты. Ол біздің ауыр жұмысымызды жеңілдетіп, уақытымызды үнемдеуге септігін тигізеді. Бірақ, ол ешқашан адамның орнын толық баса алмайды. Себебі, «Адамның адамдығы – ақылында, ғылымында, жақсы ата-анасында, жақсы құрбысында, жақсы ұстазында» деп хакім Абай бекер айтпаған.
Бүгін технология – жақсы қызметші, бірақ жаман қожайын. Егер, біз оны ақылмен тізгіндеп, ұлттық мүддемізге, білім мен ғылымның игілігіне жұмсай алсақ, онда болашақ бізді жатсынбайды. «Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағида цифрлық дәуірде де өз күшін жоймайды, тек ендігі еңбек – білекте емес, білім мен біліктілікте.

Балнұр ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ.