Берекелі отбасы – бақытты қоғам кепілі
15 мамыр – Халықаралық отбасы күні ретінде 1993 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес, жыл сайын аталып өтілуде. Осы атаулы датаны белгілеу отбасындағы бірқатар мәселелерге қоғамның назарын аударту мақсатында туындаған сыңайлы. Себебі, әр отбасы қоғамның басты құндылығы іспеттес. Ол мемлекет өмірінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында қоғамдық тұрақтылық пен прогресті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан, әлемдік қауымдастық отбасының дұрыс құрылуы, әсіресе, жанұяның қоғам өміріндегі және жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығына мән беруіне байланысты Отбасы күніне басымдық беріп отыр.

Қарап отырсақ, отбасы қай заманда да дені сау қоғамның және мықты мемлекеттің негізі болып келеді. Әсіресе, сәбидің ең алғашқы еститіні – анасының үні, ата-анасының бір біріне деген қарым – қатынасы, сондықтан, баланың ер жетіп, қалыптасуына отбасының орны ерекше. Әрдайым ата мен әженің «айналайын» сөзін естіп өскен бала адами қасиетті бойға сіңіріп, көпшіл болып өсетіні — ол анық. Ертеден бабаларымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтпаған. Өйткені, тәрбие көзі – ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен бойға сіңетін асыл қасиет. Баланың алдағы өмірінің бағдаршамы осыдан бастау алатыны бесенеден белгілі.
Бүгінде отбасының тірегі-әке болса, берекесі -ана. Жанұя – ұлттық, дәстүрлі құндылықтың бастауы дейтінімізде содан. Байқап отырсаңыздар, бала кішкентай кезінде-ақ, отбасынан көрген-естігенін жадында сақтап өседі, әрі дәлме-дәл қабылдайды. Осы тұста айтпағымыз, әр ата-ана балаларына жағымсыз әрекеттерін байқатпай, өздерін неғұрлым отбасы алдында жақсы жағынан көрсете білгені абзал. «Не ексең, соны орасың» демекші, ата-ана өзінің әр іс-әрекетіне байыппен қарағаны дұрыс. Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – баланы тек дүниеге әкелуі емес, оны ортаға бейімдеп, бойына адами құндылықтарды сіңіре отырып тәрбиелеу.
Біле білсек, қашаннан адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі, ол – өз отбасы. Қай заманда да, қай елде де отбасының өз ұрпағына ықпалы мен әсерін өмірде басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Тіпті қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – балаға әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдаттыру, аға буынның тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, яғни, балаларын қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру ата-анаға басты міндет болып жүктеледі.
Тәрбие беру барысында баланы заман талабына сай тәрбиелеп, дені сау бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ етіп өсіру – әр ата-ананың алдында тұрған міндеті. Бірақ, бір ескеретін жайт, балаға тым шектен тыс қаталдық жасалса, ол да оның болашағына зиянын тигізетінін ескергенде жөн.
Негізінде, ата-ананың жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, іс-әрекеттерінің барлығы балаға үлгі. Сондықтан, әркім өз баласы алдында өзін өте байсалды, сабырлы ұстап, жақсы қырынан көрсете білу керек. Мәселең, хакім Абайдың он тоғызыншы қара сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп-көріп, ұстап, танып ескерсе, дүниедегі жақсы –жаманды таниды – дағы сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» деуі орынды айтылған.
Кейде біз барлығы отбасынан басталады деп жатамыз. Осы орайда, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген мақал ойға оралады. Бұл ұлағатты сөздің түпкі мәні – жерді, Отанды, ұлтты сүю,оны қадірлеу отбасынан басталады, отбасынан үйренеді деген мағынада. «Ерін сыйлаған есікте қалмайды» деген қағиданы ұстанған аналар дәстүр сабақтастығын үзбей, ер –азаматтың орны қашанда жоғарыда екенін, тамақтың да алды отағасына құйылатынын, сөзді де отағасы бастау керектігін алға тартып, әке абыройын арттырып отырған. Әріден айтсақ, бабаларымыз өнегелі дәстүрді қалыптастыру үшін әдеп заңдары мен дәстүрлі құндылықтарға ерекше мән берген. Оны бабаларымыз үнемі қадағалап, қастерлеп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра білген. Соның нәтижесінде, ар-ұяты терең, рухы мықты, намысы биік ұрпақ өсіріп, тәуелсіз ел болдық. Біз ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеу арқылы елдігімізді одан әрі нығайта түсуіміз керек. Жас ұрпақ бойына ата дәстүрімізді сіңіре білу — бізге парыз. Ұлан-байтақ иен даланың болашақ ұлтжанды иелерін тәрбиелеу, кезек күттірмейтін мәселеге, ел, қоғам, отбасы болып жұмылу керек, әйтпесе, ертең кеш болуы мүмкін.
Мағжан Жұмабаев осыдан бір ғасыр бұрын «Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен де күшті етіп тәрбиелеуге тиіс. Өйткені, олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі, талабы да жоғары болатынын ұмытпаған жөн» деп атап айтқан болатын.
Иә, бүгін дәл осындай заман. Әлем жаңарып, онымен қоса қатынас та, жаңа техналогия да, құндылықтар да алмасуда. Сол себепті, баланы заман талабына сай жетілдіруміз қажет. Келешек ұрпағымыз мықты болсын десеңіз, осыны ұмытпағанымыз абзал.
Ол үшін әдеп пен дәстүрді бойына сіңіріп, адалдық пен арамдықтың салмағын білетін, жақсы мен жаманды ажырата алатын бала тәрбиелеу керек. Сонда ғана біз ынтымақты, ырысты ел бола аламыз.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
