Енді қазақстандықтар емханасын кез келген уақытта ауыстыра алады
Елімізде медициналық мекемеге тіркелу тәртібі өзгермек. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Жыл сайынғы бекіту науқаны алынып тасталады. Яғни тұрғындар бұрынғыдай 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығын күтпей-ақ, өзіне ыңғайлы емханаға кез келген уақытта ауыса алады. Бірақ таңдалған мекеме азамат тұратын ауданда, үйге неғұрлым жақын болуы керек. Бұл мүмкіндік жылына бір-ақ рет беріледі.
Ал қоныс аударған азаматтар бұрынғыдай жаңа мекенжайына жақын емханаға тіркеле алады.
Студенттер, курсанттар мен әскери қызметшілер міндетті түрде бір емханаға жаппай тіркелмейді. Егер, жатақханада тұрмаса өздері тұратын жеріне жақын медициналық мекемені таңдаса болады. Бұл шара медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, бекіту рәсімін жеңілдетуге және қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған.
Жаңа тәртіп күшіне енсе, азаматтар жаңадан тіркелген емхананың қызметін келесі айдан бастап пайдалана алады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек келесі жылдың қаңтарынан бастап берілетін.
Азаматтар «Ашық» порталындағы бұйрықпен танысып, ұсыныс-пікірін қалдыра алады. Талқылау 28 мамырда аяқталады.
