Сыбайлас жемқорлық – ғаламдық мәселе

Сыбайлас жемқорлық – бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі. Бұл – пара беру, пара алу, таныстықпен жұмысқа тұру, заңсыз шешім шығару сияқты әділетсіз әрекеттер. Осындай қадамдар елдің дамуын тежейді, халықтың билікке деген сенімін азайтады. Әрбір қазақстандық адал өмір сүргісі келеді. Әділ заң жұмыс істесе, ешкім артықшылыққа ие болмаса, халық та әділдікке сенеді. Бірақ, өкінішке қарай, кейде кейбір азаматтар «бәрін парамен шешуге болады» деген оймен әрекет етеді. Бұл – өте қауіпті түсінік.

Мемлекетіміз сыбайлас жемқорлықпен күрес жолында көптеген шаралар қабылдап жатыр. Заң күшейтілуде, мемлекеттік қызметшілердің жұмысы қадағалануда. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Себебі, сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек мемлекетке емес, әр адамға байланысты. Егер, біреу сізден заңсыз түрде ақша талап етсе, үндемей кетпей, тиісті орындарға хабарлаңыз. Ең бастысы, қызметті парасыз алуға тырысыңыз – бұл сіздің заңды құқығыңыз. Әсіресе, балаларымызды адалдық пен әділдікке тәрбиелейік. Өзіміз де күнделікті өмірде шыншыл болуға тырысайық.
Сыбайлас жемқорлық тек жоғарыда емес, күнделікті өмірде де басталады. Біреуді жұмысқа «таныс арқылы кіргізу», емтиханды ақша беріп тапсыру, кезексіз өту – бұлардың бәрі де әділетсіздікке жол ашады. Осындай ұсақ-түйектен басталған парақорлық кейін үлкен жүйелік мәселеге айналады.
Мәселен, сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін, қоғамдық сенімге сызат түсіретін қауіпті құбылыс. Бұл – әділдік пен заң үстемдігін аяққа таптап, азаматтардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін бұзатын теріс әрекет. Сондықтан да Қазақстан үшін бұл мәселе – ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі күрделі проблема.
Бүгінгі таңда елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл бағытта заңнамалық және институционалдық өзгерістер орын алуда, түрлі алдын алу шаралары қолға алынуда. Алайда, кез келген заңның нақты іске асуы – қоғам белсенділігі мен азаматтық жауапкершілікке тікелей байланысты.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл халықтың ортақ ісіне айналуы тиіс. Бұл тұрғыда білім беру мекемелерінде адалдық пен әділдікке тәрбиелеу, жастар арасында парасаттылық мәдениетін қалыптастыру маңызды. Мемлекеттік қызметшілер үшін ашықтық пен есеп берушілік қағидаттарын енгізу де өз нәтижесін беріп келеді.
Әрбір азамат заңға бағынатын, әділетті қоғам құру жолында өз үлесін қоса алады. Мысалы, кез келген құқық бұзушылықты көрген жағдайда бейжай қалмай, тиісті органдарға хабарлау – үлкен жауапкершіліктің белгісі. Сондай-ақ, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін де ақпараттық сауаттылық пен құқықтық білімнің жоғары болуы қажет.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте ең тиімді қару – бұл ашықтық, адалдық және әділеттілік қағидаттарын өмір салтына айналдыру. Қоғамда параға жол бермеу мәдениеті қалыптасқанда ғана біз шынайы демократиялық және өркениетті ел бола аламыз.
Еліміздің жарқын болашағы – әрқайсымыздың бүгінгі таңда жасаған дұрыс таңдауымыз бен әрекетімізге байланысты. Адал еңбек пен әділетке негізделген қоғам – тұрақты дамудың кепілі. Сондықтан, еліміздің ертеңі – бізге, яғни қарапайым халыққа байланысты. Егер, әр азамат заңды құрметтесе, адал еңбек етсе, болашақта әділ әрі дамыған мемлекетте өмір сүретін боламыз. Сыбайлас жемқорлықсыз қоғам – бұл жай арман емес, бұл – біздің ортақ мақсатымыз.

Ұлытау аудандық аумақтық инспекциясы.