Экологтар күні: өңірдегі сала үздіктері марапатталды
Экологтар күніне орай Ұлытау облысында қоршаған ортаны қорғау саласының мамандарына арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара барысында өңірдің экология саласына сүбелі үлес қосқан мамандарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттары, сондай-ақ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің және облыстық Экология департаментінің марапаттары табысталды.
Марапаттарды Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов тапсырып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
«Қоршаған ортаны сақтау – тек сала мамандарының ғана емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі. Дегенмен дәл сіздер – табиғатпен үндесіп, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген кәсіби мамандар – бұл жолда алдыңғы қатардасыздар. Табиғатпен тіл табысу, экожүйенің тұрақтылығын сақтау жолындағы еңбектеріңіз – ерекше құрметке лайық. Бүгінгі марапаттар – сол еңбектің лайықты бағасы», – деді облыс әкімінің орынбасары өз құттықтау сөзінде.
Салтанатты жиын барысында өңірдің экологиялық ахуалы, жасыл аймақты дамыту, қалдықтарды басқару және су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де айтылды.