Жұмысшы мамандықтар – ел мерейі

Қоғамның дамуы мен елдің өркендеуінде түрлі мамандық иелерінің еңбегі ерекше. Соның ішінде жұмысшы мамандықтардың орны айрықша. Олар – зауытта, құрылыста, егіс алқабында, көлікте, тіпті күнделікті өміріміздің әр саласында аянбай еңбек етіп жүрген жандар. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халқымыз әрдайым адал еңбекті жоғары бағалаған.

Жұмысшы – тек қол күшімен жұмыс істейтін адам ғана емес. Ол – қоғамның тірегі, өндірістің негізі. Электрик, дәнекерлеуші, токарь, механик, аспаз, жүргізуші, тігінші – бұлардың бәрі – нақты іс атқаратын, өнім өндіретін, ел экономикасына нақты үлес қосатын мамандар.

Бүгінгі таңда жұмысшы мамандықтар заманауи технологиямен, жаңа жабдықтармен қатар жүреді. Қазір бір кездері қарапайым саналған кәсіп иелері жоғары білікті, жаңа білімді меңгерген, сұранысқа ие мамандарға айналып отыр. Мысалы, құрылысшы мен инженердің, шебер мен IT-техниканың арасындағы байланыс күн сайын артып келеді.

Мемлекетіміз де жұмысшы мамандықтарын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. «Жастар практикасы», «Жас маман» бағдарламалары, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне гранттар бөлінуі – осының айғағы. Бұл – болашақта еңбек нарығында сапалы кадрлар дайындау үшін жасалып жатқан нақты қадамдар.

Жұмысшы мамандығын таңдаған жастар – еңбек адамын қадірлейтін, ел экономикасының іргетасын қалайтын нағыз патриоттар. Олар – елдің өркендеуі мен халқымыздың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға үлес қосып жүрген жандар. Осындай адамдар – ел мерейі.

Серік ТАШЕНОВ,
Ұлытау ауданының ақсақалдар кеңесінің төрағасы.