Экоакция жалғасын табуда
Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясындағы экологиялық ісшаралар жалғасын табуда. Аптаның басында облыстың барлық өңірлерінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында халықтың əртүрлі топтары үшін түрлі бағыттағы экологиялық іс-шаралар өткізілді.
Бұл іс-шаралардың негізгі мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстау, тұрғындардың экологиялық санасын арттыру жəне табиғатқа деген қамқорлықты насихаттау. Осы орайда Жезқазған қаласында белсенді жастар Жастар ресурстық орталығының аумағында қар тазалау жұмыстарын жүргізді. Бұл шарадан Жаңаарқа ауданының жастары да шетте қалмады. Олар аудан орталығында орналасқан «Мəңгілік ел» аллеясының қарын тазарту жұмыстарын жүргізді.
Облыстың барлық қала-аудандарының білім беру ұйымдарында «Таза аудан», «Таза Қазақстан», «Менің таза қалам» сияқты экологиялық тақырыптарға ашық сабақтар мен сынып сағаттары ұйымдастырылды. Оқушыларға қоршаған ортаға қамқорлықтың маңызы, табиғатты қорғау қажеттілігі туралы түсіндірілді. Атап айтар болсақ, Қаражал қаласында жалпы білім беретін мектептерде «Табиғатты аялайық!» атты оқушылар арасында сурет салудан байқау өтті.
Халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру мақсатында Жаңаарқа жəне Ұлытау аудандарының жастары мен еріктілері тұрғындарға брошюралар мен буклеттер таратты. Олар тұрғындарға табиғи ресурстарды сақтау жəне қоғамдық орындардағы қоқыстардың алдын алу, қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу, энергия мен суды үнемдеу бойынша кеңестер берді.
Орайы келгенде айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаннан бері барлығы 148 мыңнан астам адам, 1317 ұжым мен 264 кəсіпорын жəне 224 əлеуметтік нысан осы шараға қатысты. Сондай-ақ, 1997 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды, нəтижесінде 3493 тонна қоқыс шығарылды.
Аманкелді АҚШАЛ.