Әділетті қоғамның негізі – Ата Заң
2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпы халықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл тарихи шешім елдің саяси және құқықтық дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде бағалануда.

Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, ол азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара жауапкершіліктің айқын көрінісі. Жаңа Конституцияда адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылған.
Қазіргі таңда елімізде әділетті қоғам қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте жаңа Конституция мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға, азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына және елдің тұрақты дамуына құқықтық негіз қалайды.
Ата Заңда белгіленген қағидаттарды сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Заңға құрметпен қарау, өз құқықтары мен міндеттерін білу, қоғамдық тәртіп пен келісімді нығайту – өркениетті қоғамның басты белгілері. Сондықтан, Конституция талаптарын орындау ел болашағына деген жауапкершіліктің маңызды көрінісі болып табылады.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа Конституциясы – мемлекетіміздің одан әрі дамуына бағытталған стратегиялық құжат. Ол ел бірлігін нығайтып, тұрақтылықты сақтауға, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және құқықтық мемлекетті дамытуға қызмет етеді. Әділетті қоғам құру жолындағы басты бағдарымыз да осы Ата Заң болып қала береді.
Серік ТАШЕНОВ,
Ұлытау ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы.
