Бөлімде – жаңа басшы

2026 жылғы 1 маусымнан бастап Ұлытау ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы лауазымына Ернұр Мұханбетжанұлы Еділбаев тағайындалды.

Жаңа басшыны ұжым қызметкерлеріне аудан әкімінің орынбасары Батырлан Сәбден таныстырды.
Ернұр Мұханбетжанұлы 1991 жылы 25 шілдеде Ұлытау ауданының Ұлытау ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді маман. Ол Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін Қазтұтыну одағы Қарағанды университетінде білім алып, экономика мамандығын игерген. Жалпы еңбек өтілі – 11 жыл болса, оның 10 жылы мемлекеттік қызмет саласында өткен.
Еңбек жолын 2015 жылы Ұлытау ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінде бас маман қызметінен бастаған. Бұл қызметте 2022 жылға дейін жұмыс істеп, коммуналдық шаруашылық пен көлік инфрақұрылымы саласында мол тәжірибе жинақтады.
2022–2024 жылдары Ұлытау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының Жолаушылар көлігі және тасымалдау бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Аталған кезеңде өңірдегі көлік қатынастарын жетілдіру мен тасымалдау қызметтерін ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарға белсене қатысты. 2024–2025 жылдары Ұлытау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында Энергетика және газбен жабдықтау бөлімінің басшысы болып еңбек етті. Бұл қызметте өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамыту және газдандыру мәселелерін үйлестірумен айналысты. Ал 2025–2026 жылдары «Smart Avtobys Jezqazgan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде әкімшілік директор қызметін атқарды.
Ұзақ жылдар бойы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және инфрақұрылым салаларында жинақтаған тәжірибесі жаңа қызметінде ауданның әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған міндеттерді тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

«ULYTAU» ақпарат.