Жол инфрақұрылымын жаңғырту – өңір дамуының стратегиялық негізі

Ұлытау облысында жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Өңірдегі автомобиль жолдарының сапасын арттыру, шалғай ауылдардың қатынасын жақсарту және туристік бағыттарды дамыту мәселелері өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен талқыланды. Брифинг барысында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Алмаз Ыдырысов аймақта атқарылып жатқан және алдағы жылдарға жоспарланған жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары туралы жан-жақты баяндады.

Оның айтуынша, жол сапасын жақсарту – тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық және туристік әлеуетін күшейтетін негізгі факторлардың бірі.

Ауыл жолдары жаңарып, тұрғындар қатынасы жақсаруда

Ұлытау ауданы облыстың тарихи және географиялық тұрғыдан маңызды өңірлерінің бірі саналады. Осыған байланысты аудан аумағындағы жолдарды жөндеу жұмыстары биыл да жалғасуда. 2026 жылы аудан бойынша жалпы ұзындығы 27,21 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 1 млрд 471 млн теңге бөлінген.
Негізгі жобалардың бірі – Жыланды ауылына кіреберіс 21,27 шақырым автомобиль жолын толық аяқтау. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 217,2 млн теңге қарастырылған.
Сонымен қатар, Қарсақбай кентінен теміржол станциясына дейінгі 2,7 шақырым жол жөнделеді. Аталған бағыт өндірістік және жүк тасымалы үшін маңызды саналады.
Айыртау ауылына апаратын 5,5 шақырым кірме жол мен «Рәміздер алаңына» дейінгі жол учаскесі де орташа жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек, Борсеңгір ауылына кіреберіс жолды жаңғыртуға аудандық бюджеттен 797,4 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Ал, Сарлық ауылына кіреберіс 20 шақырым жолға ағымдағы жөндеу жүргізіледі.
Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар ауыл тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік және медициналық қызметтердің қолжетімділігін де арттырады.

Ұлытау – Астана бағыты қысқарып, жаңа мүмкіндіктер ашылады

Облыс көлеміндегі ең ірі жобалардың бірі – «Астана–Қорғалжын–Баршын–Шұбаркөл–Ұлытау» бағытындағы жолды дамыту бастамасы. Бұл жоба жүзеге асқанда елорда мен Ұлытау арасындағы қашықтық шамамен 200 шақырымға қысқарады.
Қазіргі таңда «Алғабас–Шұбаркөл» бағытындағы 20 шақырым жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Сонымен бірге «Сәтбаев–Малшыбай» бағытындағы 30 шақырым жолды қайта жаңарту құжаттары сараптамадан өтуде.
Қаракеңгір–Алғабас аралығындағы 30 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілсе, Алғабас–Малшыбай бағытындағы 61 шақырым жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынбақ. Қазіргі кезеңде жолдар қиыршық тас төсеу арқылы тегістеліп жатыр. Алдағы уақытта толық асфальт жабындысы төселеді деп жоспарланған.
Сондай-ақ, Жезқазған–Арқалық–Петропавл бағытындағы «Ұлытау–Арқалық» автожолының жөндеу жұмыстары да жалғасуда. Бүгінде жолдың 35 шақырымы пайдалануға берілген. Қалған 89 шақырымда жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Жоба биылғы жылдың қазан айында толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Жол сапасына бақылау күшейтілді

Өңірде жол сапасын арттыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы жылдары Ұлттық жол активтері сапа орталығының облыстық филиалы жүйелі түрде зертханалық тексерулер жүргізіп келеді.
Соңғы үш жыл ішінде облыстағы асфальт-бетон зауыттарының саны 6-дан 13-ке дейін артқан. Сонымен қатар, 3 қиыршық тас өндіретін зауыт іске қосылып, жол құрылысына заманауи ШМА технологиясы енгізілді. Бұл технология жол жабынының сапасын арттырып, оның ұзақ мерзім сақталуына мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, бүгінде жол жөндеу жұмыстары басталмас бұрын құрылыс материалдарының сапасы толық тексеріліп, оң қорытынды алғаннан кейін ғана пайдалануға жіберіледі.
Жалпы алғанда, Ұлытау ауданындағы жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары өңірдің көлік әлеуетін арттыруға, туризмді дамытуға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды стратегиялық қадамдардың бірі болып отыр.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.