«Бір шаңырақ – бір ел»
Осындай тақырыппен Мәкен Төрегелдин атындағы музейде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай дәстүрлі музейлік мереке өтті. Іс-шараның басты мақсаты – көпұлтты Қазақстан қоғамындағы бірлік пен тұтастықты музей экспозициясы арқылы дәріптеу, келушілерге елдің мәдени әртүрлілігін көрсету болды.

Мерекеге жиналған қонақтар музейдегі алты қанатты киіз үйдің шаңырағын өзге ұлт өкілдерімен бірге көтеру рәсіміне қатысып, ел бірлігін айшықтайтын ерекше сәтке куә болды.
Салтанатты жиынды кент әкімі Мұратбек Жұмабеков ашып, іс-шараға қатысушыларға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, музей басшысы Айболат Рахманияұлы, ардагерлер Қ.Құлахметов пен Н.Қамбарова, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы әйелдер кеңесінің төрағасы А. Бәйменқызы және №6 тірек мектебінің директоры А.Жаппарқызы құттықтау сөз сөйлеп, мерекенің мәнін ерекше атап өтті.
Музей ардагері Мұхит Уатаев кеніште еңбек еткен әртүрлі ұлт өкілдері туралы қызықты деректермен бөлісіп, әннен шашу шашты. №6 тірек мектебінің 2-сынып оқушылары ән айтып, би билеп, өнерлерін көрсетті. Іс-шараны ұйымдастыруға еңбегі сіңген сынып жетекшісі А.Әлімжановаға музей басшысы Алғыс хат табыс етті.
Мереке «Жезді өңірінің көпұлтты мәдениеті» тақырыбындағы көрмені тамашалаумен жалғасты. Көрмеде түрлі ұлт өкілдерінің тұрмыстық бұйымдары ұсынылып, келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Жалпы көрмеге музей қорынан 67 жәдігер қойылып, әрбір экспонат өзінің тарихымен қонақтарды бейжай қалдырмады.
Мұндай шаралар қоғамдағы татулық пен мәдени әртүрлілікті дәріптеумен қатар, жас ұрпаққа өз елінің тарихы мен дәстүрін жеткізуге зор үлес қосады. «Бір шаңырақ – бір ел» мерекесі – бұл тек музейлік көрініс емес, Қазақстан халқының бірлігін бекемдейтін маңызды рухани оқиға болып саналады.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.