Қазақстандық дәрігерлер тобы және 319 тонна гуманитарлық көмек: Қазақстан делегациясы Ауғанстанға ауқымды миссиямен барды
Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Кабулға гуманитарлық және іскерлік миссиямен барды. Қазақстан Ауғанстан халқына жалпы салмағы 318,8 тонна гуманитарлық көмектің кезекті партиясын, сондай-ақ халыққа медициналық көмек көрсету үшін қазақстандық дәрігерлер тобын жіберді.

Делегация құрамына Қазақстанның жетекші медициналық ұйымдарынан тоғыз маман кірді. Ауғанстандағы қазақстандық медицина күндері шеңберінде олар бір апта бойы кеңес беріп, халыққа практикалық медициналық көмек көрсетіп, ауған әріптестері үшін шеберлік сыныптарын өткізеді.



Серік Жұманғарин гуманитарлық көмек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның Ауғанстан халқын қолдаудағы дәйекті саясатының бір бөлігі екенін атап өтті.
