Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер басшылары аймақтық ынтымақтастықты, соның ішінде Консультативтік кездесулер форматын дамыту үшін барынша күш-жігер жұмсап отырғанын жеткізді
Қазақстанның төрағалығы аясында қауіпсіздік пен экономикалық серіктестікті нығайтуға, қоғамдағы әйелдердің рөлін күшейтуге, сараптамалық тұрғыдан ықпалдастықты кеңейтуге бағытталған көптеген бірлескен іс-шара ұйымдастырылды.
– Осы жиында 2027 жылға дейінгі Аймақтық ынтымақтасты дамытудың жол картасы бекітіледі. Бұл өзара ықпалдастық тетіктерін жетілдіру тұрғысынан айтулы оқиға болмақ. Аталған құжат үкіметтердің үйлесімді жұмысын жетілдіреді және осы алаңда ұсынылған бастамалардың орындалу барысына бақылауды күшейтеді. Бұған қоса «Орталық Азия – 2040» өңірлік кооперациясын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды құжатқа қол қойылады. Осы және өзге де шаралар халықтарымыздың игілігі жолындағы жан-жақты аймақтық ықпалдастыққа бәріміздің бейілді екенімізді көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргідей күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда аймақтағы ынтымақтастықтың жоғары даму қарқынын сақтау өте маңызды деп санайды. Осы орайда Мемлекет басшысы Орталық Азияның өркендеуіне ықпал ететін бірқатар өзекті міндетке тоқталды.
– Бүгінгі таңда халықаралық қатынастар жүйесінің іргелі негіздері өзгеріске ұшырағанын байқап отырмыз. Бұл – қауіпті құбылыс. Мұндай жағдайда аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ең басты міндет екені естен шықпауға тиіс. Қазіргі сын-қатерлерді тек саяси диалог пен мемлекеттеріміз арасында өзара сенім шараларын нығайту арқылы еңсеруге болатыны анық. Осы ретте соңғы жылдары бір-бірімізге жасаған сапарларымыз нәтижелі болды. Бұл елдеріміздің достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және одақтастыққа негізделген өңірлік ынтымақтастығының деңгейі жоғары екенін білдіреді. Алайда өңірлік кооперация аясында сыртқы серіктестермен жан-жақты байланысты жоспарлы түрде күшейту маңызды. Әлемнің жетекші елдерінің «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық танытуы – осының айғағы, – деді Мемлекет басшысы.