Бриллиант тәж – Ұлытау облысында!
Ұлытаулық ақындар ұлттық поэзия додасында топ жарып, тарихи жеңіске жетті. Алғаш рет ұйымдастырылған «Мөлдір өлең» ұлттық поэзия жобасының бас жүлдесі Ұлытау облысының еншісінде. Осылайша, Ұлытау ақындары байқаудың тұңғыш жеңімпазы атанып, алғашқы «бриллиант тәжді» иеленді.

Қазақстан Жазушылар одағы мен ақын Мөлдір Айтбайдың бастамасымен қолға алынған жоба биыл алғаш рет ұйымдастырылды. Мамыр айында басталған ұлттық поэзия додасы төрт айға созылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақындардың басын қосты.
Жобаға Қазақстанның 20 өңірінен 60 ақын қатысып, бірнеше кезең бойынша өзара сынға түсті. Бұл – жыр додасының ауқымын ғана емес, қазіргі қазақ поэзиясына деген қызығушылықтың жоғары екенін де аңғартқан көрсеткіш.
Байқау барысында ақындар өз өңірлерінің ғана емес, сөз өнерінің абыройын арқалап шықты. Әр кезең сайын бәсеке күшейіп, үздіктер ғана келесі айналымға жолдама алды.
Ұлытау облысының ақындары алғашқы айналымда Алматы облысының, екінші кезеңде Қостанай облысының, үшінші кезеңде Жетісу облысының ақындарымен бақ сынап, келесі кезеңге өтті.
Ал ақтық сынға келгенде Ұлытау ақындарының қарсыластары Қызылорда облысы мен Астана қаласының өкілдері болды. Шешуші кезеңде де ұлытаулық ақындар өз шеберлігін танытып, жобаның бас жүлдесін қанжығаға байлады.
Нәтижесінде І орын Ұлытау облысына бұйырса, ІІ орынды Астана қаласы, ІІІ орынды Қызылорда облысы иеленді.
Ұлытау облысының жеңісімен бірге жобаның алғашқы тарихына да жаңа есім жазылды. Өңір ақындары тұңғыш «бриллиант тәждің» иегері атанып, 3 млн теңге көлеміндегі қаржылай сыйақыға ие болды.
Бұл жеңістің Ұлытау үшін орны бөлек. Себебі Ұлытау – ел тарихы мен руханияты тамырласқан қасиетті мекен ғана емес, сөз өнерін ардақтаған ақындар мен қаламгерлердің де ордасы. Сондықтан ұлттық деңгейдегі поэзия жобасының алғашқы жеңімпазы атану – өңірдің мәдени өміріндегі елеулі оқиға.
«Мөлдір өлең» жобасы төрт ай бойы ақындардың шығармашылық мүмкіндігін саралап қана қоймай, әр өңірдің поэзиядағы үнін танытты. Бір сахнада бас қосқан алпыс ақынның арасынан үздіктерді анықтау – сөз бен ойдың, шеберлік пен ізденістің сыналар сәті болды.
Ұлытау ақындарының бұл жеңісі – бір байқаудың қорытындысы ғана емес, өңірдегі поэзияның тынысын танытқан жарқын белес. Ал Ұлытауға бұйырған тұңғыш «бриллиант тәж» ұлттық поэзия тарихындағы алғашқы жеңістің белгісі болып қалмақ.
Жыр додасында жеңіске жеткен Ұлытау ақындарының қуанышы – ұлы даланың үніне, сөз өнерінің мерейіне ортақ қуаныш. Бүгін Ұлытауда – бриллиант тәж, ал Ұлытау төсінде – жырдың тағы бір жарқын жеңісі.
Альмира ОСПАН.
