Қазақстанның халық әртісі Досжан Жанботаев: «Әділет» партиясын қолдаймыз!»
Бүгін «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Алмат Жөкебаев, Ақжол Құрмансейіт және Алмат Әбдікешов Ұлытау облысының ақсақалдарымен, өнер майталмандарымен және шығармашылық орта өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында кандидаттар «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырып, оның негізгі бағыттарына тоқталды. Жиынға қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Өңірдің Құрметті ақсақалы Сағындық Қожамсейітов өндірісті өңірдің болашағы туралы ой бөлісті. Ал Қазақстанның халық әртісі Досжан Жанботаев пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамедин өнер саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды.

Айтыс өнерінің майталманы Мұқаш Сейтқазинов, Құрметті журналист Абдолла Дастан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғазиз Ештанаев мәдениет пен руханиятты дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ «Ұлар» әдеби клубының атынан ақын Абай Ораз «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының тұшымды тұстарын атап өтіп, партияға алғыс білдірді.

Кездесуде Қазақстанның халық әртісі Досжан Жанботаев: «Әділет» партиясын қолдаймыз», – деп атап өтті.

Келелі кездесу екі сағатқа созылды. Жиын соңында зиялы қауым өкілдері үміткерлерге ақжол тілеп, ел игілігі жолындағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

