Астанада «Алтын Орданың мұрасы: Ұлы Даладан бастау алған өнер» атты Creative Aimaq көрмесі өтеді
2026 жылғы 18–19 шілде күндері Астана қаласында Қазақстанның креативті индустрияларын дамытуға және Ұлы Даланың тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға арналған Creative Aimaq көрмесі ұйымдастырылады.

Creative Aimaq көрмесі қазақ халқының бай мәдени мұрасының бүгінгі заманғы дизайнда, сән индустриясында, зергерлік өнерде, кескіндемеде және авторлық қолөнерде жаңа сипат алып, шығармашылыққа шабыт беретінін айқын көрсетеді.
Көрме аясында Қазақстан тарихы мен Алтын Орда мәдениетінен шабыт алған заманауи сувенирлік өнімдер, ағаштан, былғарыдан, керамика мен киізден жасалған қолөнер бұйымдары, зергерлік әшекейлер, суретшілердің туындылары, этно-сән топтамалары және қазақтың дәстүрлі құрақ көрпе өнеріне арналған арнайы экспозиция ұсынылады.
Келушілер үшін былғары өңдеу, ағаш ою, ұлттық музыкалық аспаптар жасау, ұсталық өнер сияқты дәстүрлі кәсіптердің қыр-сырын таныстыратын шеберлік сабақтары өткізіледі.

