Ұлытаудан бастау алған ұлттық бренд Жаңаарқа жерінде жалғасын тапты

Ұлытау өңірінде дәстүрге айналған «Көкмайса – даланың тірі тарихы» этнофестивалі биыл он бірінші рет ұйымдастырылып, жалауы Жаңаарқа ауданында желбіреді. Ұлттың салт-дәстүрі мен көшпелі мәдениетін ұлықтайтын айтулы шараға еліміздің әр өңірінен және шетелден келген қонақтар қатысып, фестивальдің беделі жыл өткен сайын артып келе жатқанын көрсетті.

Ең бастысы, «Көкмайса» фестивалінің тарихы Ұлытау ауданынан бастау алады. Осыдан он бір жыл бұрын ұлт ұясы – Ұлытаудың қасиетті жерінде дүниеге келген жоба бүгінде облыстың ғана емес, республикалық деңгейдегі маңызды мәдени брендке айналды. Биыл фестиваль алғаш рет өзге аудан – Жаңаарқада ұйымдастырылғанымен, оның бастауы да, рухани өзегі де Ұлытау ауданымен тығыз байланысты. Сондықтан, бұл шараның әр жылғы табысы Ұлытаудан басталған игі істің заңды жалғасы деуге болады.
Толағай тауының баурайында өткен биылғы фестиваль ауқымымен де, мазмұнымен де ерекшеленді. Бір мезетте 35 киіз үй тігіліп, 15 мыңға жуық адам бас қосты. Фестивальге алыс-жақын шетелдерден келген меймандар мен халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, ұлттық мұрамызға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын байқатты.
Қазақ үшін дала – жай ғана мекен емес, тұтас өркениет. Ал, сол өркениеттің өзегі – жылқы мәдениеті, қымыз өндіру дәстүрі, көшпелі тұрмыс пен қонақжайлық. Сондықтан, фестивальдің ең әсерлі көріністерінің бірі – бір мезетте 500 биенің сауылуы болды. Бұл сахналық қойылым емес, бүгінге дейін үзілмей жеткен ұлттық дәстүрдің нақты көрінісі.
Фестиваль аясында өңірдің қолөнершілері мен кәсіпкерлері де өз өнімдерін көпшілікке ұсынды. Ұлттық тағамдар, зергерлік бұйымдар, ағаш және былғарыдан жасалған қолөнер туындылары келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл ауыл кәсіпкерлеріне өнімдерін таныстыруға, ұлттық брендтерді дамытуға мүмкіндік берді.

Ұлытау ауданының делегациясы да фестивальде белсенділік танытты. Ауданнан арнайы тігілген киіз үйде қонақтарға қазақы дастархан жайылып, ұлттық қонақжайлықтың үлгісі көрсетілді. Сонымен қатар, ұлытаулық қолөнер шеберлері мен «Ұлытау» ұлттық табиғи-тарихи қорық-музейінің мамандары өздері әзірлеген ұлттық бұйымдар мен тағам түрлерін ұсынып, қасиетті өңірдің тарихы мен мәдениетін кеңінен насихаттады. Бұл – фестивальдің бастауында тұрған Ұлытау ауданының ұлттық мұраны дәріптеудегі ерекше орны мен үлесін тағы бір мәрте айқындады.
Бүгінде әлемде этнотуризмге қызығушылық артып келеді. Туристер табиғатты тамашалап қана қоймай, халықтың тұрмыс-тіршілігімен, ұлттық тағамымен, қолөнерімен, салт-дәстүрімен танысуды қалайды. Осы тұрғыдан алғанда «Көкмайса» фестивалі Ұлытау облысының туристік әлеуетін арттыруға қызмет ететін маңызды жобаға айналып отыр.
Ұлытау – қазақ мемлекеттілігінің алтын бесігі. Сондықтан, бұл өңірде дүниеге келген әрбір мәдени бастама ұлттық тарих пен рухани құндылықтарды дәріптеуге қызмет етеді. «Көкмайса» фестивалінің жыл сайын ауқымының кеңейіп, жаңа деңгейге көтерілуі – соның айқын дәлелі.
Бүгінде «Көкмайса – даланың тірі тарихы» ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын мерекеден әлдеқайда биік деңгейге көтерілді. Ол – Ұлытау ауданынан бастау алған, бүгінде бүкіл Ұлытау облысының мәдени брендіне айналған, ішкі туризмді дамытатын, ауыл кәсіпкерлігін қолдайтын әрі ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын маңызды жоба.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.