«Үш ұрпақ – ортақ мұрат»: Ұлытау облысында Қарттар күніне орай бірқатар іс-шара өтті
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» республикалық фестивалі аясында Ұлытау облысында аға буын өкілдеріне құрмет көрсетуге бағытталған бірқатар іс-шара өтті. Мерекелік шаралар «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалы мен Әйелдер қанатының қолдауымен ұйымдастырылып, қариялардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және салауатты өмір салтын насихаттауға арналды.

Халықаралық қарттар күні – елдің өсіп-өркендеуіне өз еңбегімен үлес қосқан аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесін кейінгі ұрпаққа насихаттайтын ерекше күн. Осыған орай фестиваль аясындағы шаралар Ұлытау облысының бірнеше елді мекенінде ұйымдастырылды.

Облыс орталығында «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалы ғимаратында партия филиалының басшысы Ақжол Құрмансейіттің қатысуымен «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел!» атты мерекелік іс-шара өтті. Жылы жүздесуге Жезқазған қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев, қалалық мәслихат төрағасы Раушан Капарова, Ұлытау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қазамбаев, Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бимұрат Жұмашев, Ұлытау облысының ардагерлері, әжелер, белсенді қариялар мен аға буын өкілдері қатысты. Кездесу барысында қарияларға құрмет көрсетіліп, олардың ел дамуына қосқан үлесі мен қоғамдық өмірдегі белсенділігі атап өтілді.

Шара барысында партияның жобалары мен бастамаларын жүзеге асыруға белсенді атсалысып, қоғамдық жұмыстарға қолдау көрсетіп жүрген бірқатар азаматқа «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалының басшысы Ақжол Құрмансейіттің атынан алғыс хат табысталды.
«Қариялар – халқымыздың асыл қазынасы, рухани тірегі. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен елге сіңірген еңбектеріңіз – кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» фестивалі де осы сабақтастықты нығайтып, үлкен мен жастың арасындағы байланысты арттыруға бағытталған маңызды бастама», — деп атап өтті Ақжол Құрмансейіт.
Фестиваль аясында Ұлытау ауданында ардагерлер арасында дойбыдан жарыс ұйымдастырылды. Спорттық шараның басты мақсаты – қарттардың белсенді өмір салтын қолдау, салауатты өмір салтын насихаттау және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру.
Спорт додасына қатысқан ардагерлер өзара бақ сынасып, зияткерлік қабілеттерін көрсетті. Мұндай шаралар аға буын өкілдерінің қоғамдық өмірге белсенді араласуына, денсаулығына көңіл бөлуіне және өзара байланысты нығайтуына мүмкіндік береді.

Сәтбаев қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында да Халықаралық қарттар күніне арналған іс-шара ұйымдастырылды. Оған орталықтың тұрақты келушілері мен белсенді қариялар қатысты. Кездесу барысында салауатты өмір салтын ұстану, денсаулықты күту, белсенділікті сақтау және қоғамдық ортаға араласудың маңызы сөз болды. Қатысушылар мерекелік көңіл күймен бас қосып, өзара әңгімелесіп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Шара барысында қариялардың белсенді әрі мазмұнды өмір сүруіне мүмкіндік беретін бастамалардың маңызы атап өтілді.
Фестиваль аясындағы шаралар Жәйрем кентінде де жалғасты. Партия филиалының басшысы Ақжол Құрмансейіт партияның Қаражал қалалық филиалының басшысы Гүлмира Исинамен ардагерлердің үйлеріне арнайы барып, қарияларға құрмет көрсетті. Ұйымдастырушылар үлкендердің жағдайын сұрап, оларды Халықаралық қарттар күнімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Кездесу барысында ардагерлердің өмір жолы, еңбек тәжірибесі және елді мекеннің дамуына қосқан үлесі жайлы әңгімелер айтылды.
Ұлытау облысында Қарттар күніне орай ең төменгі зейнетақы алатын 6 199 зейнеткерге 20 000 теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек берілді. 1000-ға жуық қарияға азық-түлік себеттері жеткізілді.
