Астана – ұлтымыздың рухани ордасы
Тәуелсіздігіміздің төл тұғыры, Алаштың асқақ айбары Астана – достықтың, бейбітшіліктің, жасампаздықтың белгісіндей болып, әлем жұртшылығының назарын өзіне аудартып отырған ғажайып қала.

Биыл – Елордамызда Астана қаласының 28 жылдығы. Бұл – ел болып тойлайтын ортақ мереке. Осы күні Қазақстан өзінің айқын мақсаты мен мол мүмкіндіктерін Астана арқылы дүниежүзіне паш етеді.
6 шілде – Астанамыздың жаңа мәртебе алған күні. Дәл осы күні Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдаған болатын. Елорданы Алматыдан көшіру мәселесі Тәуелсіз мемлекетіміздің алғашқы жылдарында-ақ, қозғалған еді.
1995 жылдың соңына қарай жаңа Астананы салу қолға алынды. Сол кезеңде Астана құрылысы ТМД елдерінде бұрын-соңды болмаған ең көлемді құрылыс алаңына айналды. Оған әлемдік сәулетөнерінің хас шеберлері қатысты.
Астананың бас жоспар жобасын дүниежүзіне әйгілі сәулетші Кишо Курокава жетекшілік ететін Жапон агенттігінің зерттеу тобы жасады. Сонымен қатар, Бейбітшілік және Келісім сарайының, «Ханшатыр» мәдени ойын-сауық орталығының жобасын И.Фостерс, кешенді кино-концерт залының жобасын М. Николетти әзірледі.
Ал, Астана құрылысымен тоқсанға тарта бас мердігер және алты жүзден астам көмекші ұйымдар айналысты. Олардың қатарында Ресей, Қытай, АҚШ, Испания, Корея, Түркия, Германиядан келген құрылысшылар болды. Солардың арқасында Астана қысқа мерзім ішінде бой көтерді.
Одан кейін Алматыдан Ақмолаға мемлекеттік органдарды көшіру жұмыстары басталды.1997 жылы 20 қазанда ел Президентінің «Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы жарияланды. Онда Ақмола қаласы 1997 жылдың 10 желтоқсаннан бастап, Қазақстан Республикасының астанасы болып бекітілді.
Жаңа Астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде мерекеленіп келді. Кейінірек Парламент депутаттары Заңға тиісті толықтырулар мен түзетулер енгізіп, мемлекеттік мейрамның датасы 6 шілдеге ауыстырылды. Содан бері осы күн Астана күні болып белгіленіп, жалпыхалықтық мейрамға айналды.
Жыл сайын мерекені еліміздің әр аймағы ерекше атап өтеді. Мерекелік концерттер, көрмелер, халықтық серуендер ұйымдастырылады. Сонымен қоса, спорттық сайыстар, фестивальдер өтеді. Бұлардың барлығы Елорданың өткені мен бүгініне шолу жасап, жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттыруға негіздейді.
Бүгінгі күні Астана руханият пен адамгершілік құндылықтардың өзекті мәселелерін шешудің орталығы ретінде қалыптасты. Бүкіл дүниежүзі өкілдері мен саясаткерлерінің басын қосып, түйінді мәселелерді шешіп келе жатқан Астана — Алашымның Ақордасы.
Ендеше, Астана күні құтты болсын! Еліміздің даңқы арта берсін. Тойымыз – тойға ұлассын, Қазақ елі!
Қайрат ЖҰМАБАЙ.

