Ұлытау облысында Медицина қызметкерлері күніне орай іс-шара өтті
Ұлытау облысында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, оған облыс әкімі Дастан Рыспеков қатысты.

Мерекелік жиында өңірдің денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар медицина мамандары мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Атап айтқанда, сала үздіктеріне «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медальдары, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және Ұлытау облысының Құрмет грамоталары, Денсаулық сақтау министрі мен облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

Салтанатты шара барысында өңірдің денсаулық сақтау жүйесінде ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, халық саулығын сақтауға зор үлес қосқан екі дәрігерге үш бөлмелі пәтердің кілттері табыс етілді.


Сонымен қатар, бірқатар медицина қызметкерлері «AQNIET» және «Senim» салалық кәсіподақтарының арнайы төсбелгілерімен марапатталды.

Облыс әкімінің арнайы номинациялары бойынша үздік деп танылған 15 медицина қызметкеріне 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі көлемде ақшалай сыйақылар берілді.

Іс-шарада сөз сөйлеген Дастан Рыспеков медицина қызметкерлерінің қоғамдағы ерекше рөлін атап өтіп, олардың кәсібилігі мен жанкешті еңбегі тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтауда шешуші маңызға ие екенін жеткізді.

Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, медицина қызметкерлеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
