Жас таланттар бақ сынасты

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей – қорығының ұйымдастыруымен Сапар орталығында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын-жазушы, көсемсөз шебері, ержүрек жауынгер Баубек Бұлқышевтің 110 жылдық мерейтойына арналып, «Ерлік пен қаламның қаһарманы» атты аудандық Баубек оқулары өтті.

Қан майданда қаруымен де, қаламымен де халқын қорғап, елінің рухын өсірген Баубек Бұлқышевтің ерлігіне тағзым ету мақсатында ұйымдастырылған байқауға 10-17 жас аралығындағы 15 үміткер қатысып, екі номинация бойынша бақ таластырды. Ережеге сәйкес, «Жүрегі мен жаны – от» аталымында үміткерлер Баубек өлеңдерін жатқа оқыды. Осы сында қатысушылардың жаттау мәнері, дауыс ырғағы, көркемдеп жеткізу шеберлігі мен сахна мәдениеті қазылар алқасының ерекше назарында болды.
Екінші номинация бойынша өнер көрсету оқушы тарапқа оңай бола қойған жоқ. Әрқайсысының ой-өрісін бақылау мақсатында бірқатар талаптар қойылды. Жас талапкерлердің ақындық қабілеті, ой-талғамы, өлең ұйқасы сын-сарабына салынды. Сөйтіп, жүзден жүйрік шыққандары «үздік» деп танылды.
Олардың өнерін «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей – қорығының директоры Ғалым Оспанов, Баубек Бұлқышевтің жақын-туысы, аманкелділік Қанат Байсалбеков, аудандық «Ulytau» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Қайрат Кенжекұлы бағалап, үздіктерді анықтады.
Атап айтсақ, «Жүрегі мен жаны – от» номинациясы бойынша бірінші орынды мемлекеттік көші-қон бағдарламасымен көшіп келген Аманкелді орта мектебінің оқушысы Сәлима Мухатова иеленді. Ал, екінші орынды №1 Ұлытау тірек мектебінің оқушысы Кәусар Тілеубай иемденді. Жүлделі үшінші орынды №2 Қорғасын орта мектебінің оқушысы Ақзере Түскей жеңіп алды.
Сонымен қатар, «Өлең – жырдың құдіреті» номинациясы бойынша қатысқан Жезді мектеп-интернатының оқушысы Аружан Қуаныш аталған номинацияның «үздігі» деп танылып, бірінші орынның биігінен көрінді. Бұдан кейінгі екінші орынды №3 Аманкелді орта мектебінің оқушысы Фатима Тонжорған еншіледі. Үшінші орын жүлдесі №2 Қорғасын орта мектебінің оқушысы Иса Шамбұлханға бұйырды.
Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар және ақшалай сыйлықтар табысталды. Басқа да қатысушылар құралақан қайтқан жоқ. Оларға да кітаптар, қаржылай сыйлықтар, Алғыс хаттар берілді.
Жалпы, байқау жақсы өтті. Балалар өздерін жаңа қырынан көрсете білді. Әрқайсысы талантымен танылып, көрермендерге рухани кеш сыйлады. Ал, Баубек оқуларының өтуіне «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей – қорығы ұйытқы болды. Музей қызметкерлері іс-шараның басы-қасында болып, байқаудың жоғары деңгейде өтуіне ат салысты.
Айта кетейік, Баубек оқуларына қаржылай демеушілік жасаған Қанат Қанайұлы. Заманның нарқына қарамай, сөздің парқын түсінген атымтай жомарт азаматқа музей директоры Ғалым Оспанов құрмет көрсетіп, алғысын білдірді.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.