«Қымызмұрындық» – елдік пен бірліктің мерекесі

Көктемнің шуақты күндерімен бірге қазақ даласына береке мен мереке қатар келеді. Осындай айтулы күндердің бірінде ежелгі этнографиялық дәстүр «Қымызмұрындық» салтанатты түрде атап өтілді. Бұл шара тек халықтың басын қосатын мереке ғана емес, ұлттық кодты жаңғыртуға бағытталған маңызды мәдени оқиға ретінде тарихқа енді.

«Қымызмұрындық» — қазақ халқының мал шаруашылығына негізделген өмір салтынан туындаған, алғашқы қымыздың дәмін татып, жылқы малының берекесін тілейтін дәстүр. Мерекенің ең басты жоралғыларының бірі — бие байлау рәсімінен басталды. Ауыл азаматтары үйірге айғыр салып, содан соң құлындарды желіге байлады. Осы сәтте ақ жаулықты аналар мен жас келіндер «Желі майлау» салтын орындайды. Олар «сабамыз аққа, желіміз майға толсын» деген ниетпен құлын байланған қазықтар мен желінің арқандарына сары май жағады. Бұл рәсімнің астарында үлкен философия жатыр. Желіні майлау — берекенің символы. Халқымыз ақ пен майды қасиетті санаған, сондықтан алғашқы құлын байланғанда осындай ырымдар арқылы келер жылдың құтты болуын тілеген.
Алғашқы бие сауылып, ақтың алынуы үлкен қуанышпен атап өтілген. Саумал ішу — тек дәм тату емес, ол қыстан шыққан ағзаны сауықтыратын, адамның еңсесін тіктейтін емдік рәсім. Осы сәтте тұрғындар бір-бірін құттықтап, «баулар көп болсын, мал-жан аман болсын» деген ақжарма тілектерін жаудырады. Тұрғындардың бұл ынтасы дәстүрге деген жаңа көзқарастың қалыптасқанын көрсетеді.
Қымызмұрындықта ауыл ақсақалдары төрт түліктің төлі көп болсын, ел іші тыныш, желіден құлын үзілмесін деген ниетпен ақ батасын береді. Өйткені, бата — халықтың ғасырлар бойғы тілегі мен арманының жиынтығы. «Биелерің сүтті болсын, желілерің майлы болсын» деген асыл сөздер мерекенің мәнін аша түседі.
Қорыта айтқанда, «Қымызмұрындық» — бұл тек сусын ішу емес, бұл — елдік пен бірліктің, тазалық пен тағылымның мерекесі. Ақ мол болып, қазақтың қасиетті сабасынан қымыз үзілмесін деген ой біздікі.

Дильназ СЕРІКҚЫЗЫ,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының қызметкері.