Нұрбол Қалиев: «Ауыл аманаты» жобасы – тұрақты табысқа жол ашты
«AMANAT» партиясы жүзеге асырып отырған «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарына өз кәсібін бастауға, оны тұрақты дамытуға және табысын арттыруға нақты мүмкіндік беріп отыр. Жоба арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтардың бірі – Ұлытау облысы Ұлытау ауданына қарасты Айыртау елді мекенінің тұрғыны Нұрбол Қалиев. Бұл ретте кәсіпкермен сұхбаттасып, кәсібін қалай бастағаны, оны қалай дамытып отырғаны туралы білдік.

— Нұрбол мырза, кәсіп бастауға не түрткі болды?
— Бүгінде табиғи, сапалы өнімге сұраныс жоғары. Оның үстіне ірі қара мал шаруашылығы күтім мен жауапкершілікті талап ететін сала болғандықтан, бұл бағытта жұмыс істейтін адам қатары көп емес. Сүт өнімдеріне ірі кәсіпорындар тарапынан да тұрақты сұраныс бар екенін естіп, осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз ісімді бастауға шешім қабылдадым.
— «Ауыл аманаты» жобасы туралы қайдан білдіңіз? Жоба сізге қалай көмектесті?
— «AMANAT» партиясының Ұлытау аудандық филиалында өткен жиында партия қызметкерлері жоба туралы толық ақпарат берді. Бағдарламаның тиімділігіне көзім жеткен соң, бірден қажетті құжаттарды жинауға кірістім. Осы істе партия өкілдері жан-жақты қолдау көрсетіп, құжат рәсімдеу мен бизнес-жоспар әзірлеу бойынша да бағыт-бағдар берді. Ең бастысы, жоба аясында жеңілдетілген несие алып, соның арқасында өз кәсібімді бастауға нақты мүмкіндік туды.
— Кәсіпкерлікке алғашқы қадамыңыз қалай басталды?
— Басында 12 бас ірі қара сатып алдым. Шағын шаруашылық ретінде басталған іс біртіндеп кеңейе бастады. Мал басын көбейтіп, сүт өнімдерін өңдеуге кірістім. Атап айтқанда, құрт, май, сүзбе, ірімшік сатумен айналысып отырмын.
— Өнімдеріңізге сұраныс қалай және оны қайда өткізесіз?
— Өнімдерімізге сұраныс күн сайын артуда. Тұрақты сатып алушыларымыздың қатары да көп. Тауарларымызға сұраныс тек өз ауылымызда емес, Қарағанды мен Астана қалаларына да жеткізіп отырмыз. Бұл біз үшін үлкен жетістік деп ойлаймын.

— Кәсіптің дамуына не әсер етті деп ойлайсыз?
— Ең алдымен, қолжетімді несие үлкен рөл атқарды. Пайызы төмен болғандықтан, қаржылық жүктеме қатты сезілмейді. Сонымен қатар еңбек етуге деген ниет болса, мүмкіндік бар.
— Шаруашылықта қанша адам еңбек етеді?
— Бүгінде екі адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өз ата-анам да шаруашылықтың басында. Сұранысқа қарай алдағы уақытта жұмыс орындарын көбейтуді жоспарлап отырмыз.
— Жалпы жоба туралы не айтар едіңіз?
— «Ауыл аманаты» жобасы – кәсіп бастаймын деген ауыл тұрғындары үшін өте тиімді жоба. Көп адам осы бастама арқылы өз ісін бастап, табыс тауып отыр. Бұл тек жеке кәсіп емес, ауылдың дамуына да әсер етеді деп ойлаймын.
— Алдағы жоспарларыңыз қандай?
— Бүгінде жобаның арқасында табысым тұрақты. Алдағы уақытта өндірісті ұлғайтып, тағы да жеңілдетілген несие алып, кәсібімді кеңейтсем деймін. Нарықта сұраныс бар, соны тиімді пайдалану керек.
Осылайша «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдағы кәсіпкерлікті дамытып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Нұрбол Қалиевтің тәжірибесі – соның айқын дәлелі. Ауыл тұрғынының шағын ғана бастамасы бүгінде табысын арттырған тұрақты кәсіпке айналып отыр.
Айта кетейік, жоба басталғалы бері Ұлытау өңірінде 600-ден астам адамға 2,5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 1,5 миллиард теңге көлемінде несие берілді. Олардың басым бөлігі мал шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, өнім өндірісі бойынша кәсіп ашты.
