Ақынның айтыста айтқандары

«ШАБЫТЫҢ БАҚАЙЫҢНЫҢ БАСЫНДА МА?»

«Аттыдан жаяу жүріп кек алатын» Мұқаш Сейтқазинов – қай аламанда болса да алқынбайтын алымдылығымен қоса, аз сөзге көп мағына сыйдыратын ұтымдылығымен де дараланатын ақын. Мұқаңның үлкен додаға алғаш барғандағы тұңғыш қарсыласы сол кезде атағы жер жарып тұрған «тебеген» ақын, талдықорғандық Айтақын Бұлғақов болған екен. Сонда қарсыласының осы ерекшелігін көрген Мұқаш ақын:
Алматы – рас, әсем, жасыл қала,
Өкшелер, беймезгілдеу тасырлама.
Сахна тақыр-тұқыр болып кетті
Шабытың бақайыңның басында ма? – деген екен.

«…ДҰШПАНЫҢ ЖҮРГЕН ШЫҒАР САҚ-САҚ КҮЛІП»

Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған жылдары Орал қаласында, қала шетіне таяу орналасқан қазақ бейіттерін трактормен қырғызып тастап, орнына салынған ғимаратты, мазақ қылғандай, қазақ мектебі етіп ашыпты.
Осы жайт көкірегіне оқтай қадалып жүрген Мұқаң Ерейментаудағы айтыста Оралдың ақыны Шолпанмен кездесіп қалғанда:
«Айтамын сұмдық жайды тақпақ қылып,
Дұшпаның жүрген шығар сақ-сақ күліп.
Ол жерде қалай оқыр бүлдіршіндер,
Сүйегін бабасының таптап тұрып?» – деп, тіліп түскен екен.

«…СЫРТ ЕТЕ ҚАЛАРМЫСЫҢ ХРУСТАЛЬДАЙ?»

1990 жылы Алматыда Наурыз мейрамына байланысты аламан айтыс өтті. Сол жыр додасында «Дәридай ақын» атанған жерлесіміз Мұқаш Сейтқазинов талдықорғандық танымал ақын Қаныша Дүкеновамен сайысқан еді. Сонда Мұқаш даусы жіңішке, өзі де талдырмаш ақын құрдасына мынандай теңеулерді төкпелеген еді:
«Жақсы өлең – түсінгенге азық тіптен,
Жарысам көңіл деген жазықтықпен.
Ат басын аямай-ақ жіберер ем,
Қорқамын бойыңдағы нәзіктіктен.
Ағайын, болайықшы туысқандай,
Біріміз-бірімізге жұғысқандай.
Өлеңмен білегіңнен қысып қалсам,
Сырт ете қалармысың хрустальдай?
Қанышажан, ел алдында сөйлейсің бе,
Көңілі көпшіліктің көл дейсің бе?
Үйіңде жүргеніңде балаларға
Микрофон арқылы сөйлейсің бе?
Қалықтап айдын жырдың жағасында,
Қанатты шағала боп қағасың ба?
Шалыңмен сырласып сен шай ішкенде,
Құлағыңа наушник тағасың ба?» – дегенде, Қаныша оған ұтымды жауап таба алмай қалған екен.

ҚОСЫЛҒЫШ ПЕН ҚОСЫНДЫ

«Ұлытау үні» фестивалінің дүрілдеп тұрған кезі. Сахнада – ақын қыздардың ішінде алғашқылардың бірі боп ақбоз ат мінген торғайлық Жадыра Құтжанова мен ұлытаулық Мұқаш Сейтқазинов. Кенет, Жадыра айтысқа екінші күні бір-ақ келгендіктен, айтысқа қатыстырылмай залда отырған айтыскер Ерік Асқаровқа жалт қарап:
«Бұл айтыс бөлінбейтін еншім бе еді,
Жезқазған сені неге менсінбеді?
Сахнаға шықпай кетсе обал болар,
Асқаров Ерік ағам келсін бері», – деп, айтысты мүлде басқа арнаға бұрады ғой. Онсыз да аттан қайдан шығады деп отыратын Ерік те еш іркілмей сахнаға атып шығып, Мұқаштың домбырасын ала салып (Еріктің күйшілігі де Мұқаңмен деңгейлес қой) Жадырамен айтыса кетеді. Екеуі екі-үш кезек қағысады. Бұл уақытта сахнада босқа отырып қалған Мұқаш не қаларын, не кетерін білмей, ыңғайсыз күйге тап болады. Осыны сезген Ерік те айтарын аяқтай сала кезекті қайтадан Мұқаңа бере қояды. Сонда Мұқаш іркілместен:
Демеңдер бұл Мұқашта көз көрмейді,
Айтты ғой еліне бір сөздер дейді.
Қазылар, қосылғыштың орны ауысты,
Бірақ та қосындысы өзгермейді.
Мұқаштың әр сөзінде уыт бар-ды,
Екі айтыс бір айтыста туып қалды.
Боташым, оттығымда от бар еді,
Мұқаштың самаурыны суып қалды», – деген екен.

«…ҚҰЛАҒЫН ЖАРАТҚАННЫҢ КЕСЕСІҢ БЕ?»

Республика жұртшылығына «дәридайлап» танылған Мұқаш ақынға кездескен қарсыластың бәрі: «Домбыра тарта алмайсың», – дей береді екен.
Сондай бір айтыста Мұқаң:
«Ақынмын, домбырам жоқ – есесінде,
Тағдырдың бұл жұмбағын шешесің бе?
Жаратқан бірін берсе, бірін бермес,
Құлағын Жаратқанның кесесің бе?» – деген екен.

Әнуар ОМАР.