Көркейту жұмыстары талқыланды
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Басқосуда Наурыз мейрамына дайындық, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар және алдағы ағаш отырғызу маусымына әзірлік мәселелері қаралды.

Өңір басшысы мереке күндері елді мекендердің келбетін жақсарту маңызды екенін атап өтіп, көшелер мен кәсіпкерлік нысандарын безендіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, санитарлық талаптардың сақталуын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігіне назар аударды.
Жиында мерекелік демалыс кезінде халықтың қалыпты өмір сүруін қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Осыған байланысты коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмыс істеуі, сондай-ақ, өрт сөндіру және жедел жәрдем қызметтерінің күшейтілген режимде кезекшілік атқаруы міндеттелді.
Әкім алдағы көгалдандыру жұмыстарына да ерекше мән беріп, 2026 жылға арналған ағаш отырғызу жоспары жеке бақылауда болатынын жеткізді. Ауа райының қолайлылығына байланысты жалпы облыстық сенбілікті ертерек ұйымдастыру ұсынылды.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы аймақтың тазалығы мен көркейту жұмыстары әрдайым басты назарда болатынын атап өтті. Ол жасыл желектерді күтіп-баптау, қоқыс орындарын жою, абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу және суару жүйелерін қалпына келтіруді нақты тапсырды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
