«ҚазАвтоЖол» Қызылорда – Жезқазған тасжолының 400 шақырымын толық жаңартып, көлік қозғалысын ашты
Қазақстанда Қызылорда мен Жезқазғанды байланыстыратын 400 шақырымдық автомобиль жолы қайта жаңғыртылып, ресми түрде пайдалануға берілді. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Мемлекет басшысының елдегі көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылған ауқымды жобаны толық аяқтады. Құрылыс Азия даму банкінің (АДБ) қаржылық қолдауымен жүргізілді.

Жолдың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, мердігер ұйымдардың өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Қайта жаңғырту жұмыстары Қызылорда және Ұлытау облыстарының аумағынан өтетін жолдың 24–424-шақырымдарын қамтыды. 2025 жылы Қызылорда облысындағы (192 км) құрылыс аяқталса, биыл Ұлытау облысындағы (208 км) жұмыстар толық бітіп, жол пайдалануға берілді.
«Біз үшін жол салып, атқарылған жұмысты шақырыммен есептеу ғана маңызды емес. Ең бастысы – Жезқазған мен Қызылорда тұрғындарының бір-біріне жылдам, қауіпсіз әрі жайлы қатынауына жағдай жасау. Кәсіпкерлер үшін де жүк тасымалы жеңілдейді. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асқан нақты нәтиже. Оның артында мыңдаған адамның қажырлы еңбегі тұр», – деді Дархан Иманашев.

Қызылорда – Жезқазған тасжолын жаңғырту соңғы жылдардағы ең ірі жол құрылыстарының бірі болды. Жобаға 2 200-ден астам маман мен 1 400 техника жұмылдырылды.

Құрылыс барысында шамамен 2,5 млн текше метр асфальтбетон қоспасы төселді. Төрт көпір, 120 су өткізу құбыры мен 24 мал өткелі салынды. Жүргізушілер үшін сегіз демалыс алаңы жабдықталды.
Жаңартылған жолдың Қызылорда және Ұлытау облыстарының тұрғындары үшін маңызы зор. Ол елді мекендер арасындағы қатынасты жеңілдетіп, кәсіпкерліктің дамуына және өңіраралық экономикалық байланыстың нығаюына мүмкіндік береді.
Қызылорда – Жезқазған жолының ашылуы – Астанадан Қарағанды мен Жезқазған арқылы Қызылордаға дейінгі тікелей автомобиль дәлізін қалыптастырудағы маңызды қадам.
Қазіргі уақытта «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ұзындығы 457 шақырым болатын Қарағанды – Жезқазған автожолын қайта жаңғыртуды жалғастыруда. Бұл жобаны 2029 жылы аяқтау жоспарланған.
«Бүгін біз жаңартылған 400 шақырым жолды аштық. Бірақ мұнымен жұмыс аяқталмайды. Алда Қарағанды – Жезқазған бағытындағы құрылысты бітіру міндеті тұр. Біздің стратегиялық мақсатымыз – Астанадан Қызылордаға дейін сапалы әрі қауіпсіз автомобиль қатынасын қамтамасыз ету. Біз өңірлерді заманауи жолдармен кезең-кезеңімен байланыстырып, еліміздің біртұтас көлік желісін дамытып келеміз», – деп атап өтті Дархан Иманашев.

Қарағанды – Жезқазған жолы толық жаңартылғаннан кейін Астана мен Қызылорда арасындағы тікелей автомобиль бағытының негізгі бөліктері жаңғыртылады. Бұл тасымал шығындарын азайтып, жолаушылар мен жүк тасымалының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
