Иманжан мұрасы – халық қазынасы

Иманжан Жылқайдаров (1886–1973 жж.) – аса көрнекті халық ақыны, айтыскер, шежіреші, халық мұрасын жинаушы, қазақтың ескі мәдениетінің білгірі, араб, парсы, шағатай тіліне жүйрік болған сан қырлы дарын иесі. Ол қазіргі Ұлытау облысы Ұлытау ауданында туып өскен.

Иманжан атаны өткен ғасырдың 60-шы жылдарында өлкетанушы Сүтемген Бүкіров ағамның үйінде көрдім. Қонаққа қызмет жасадым. Сүтемген ағам ол кісінің ақындығы, шежіреші, тарихшы, ескі сөзді жинаушы, халық қазынасының қамқоршысы болғаны туралы жиі айтып отырушы еді. Академик Ә.Марғұлан басқарған тарихи-этнографиялық экспедициясына (1947 ж.) қатысып, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, қорларға тапсырған.
И.Жылқайдаров 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің бел ортасында болады. Қазақ жұртын дүр сілкіндірген осы оқиғаның куәгері болғандықтан, халық батыры Әділбек Майкөтовке арналған «Әділбек» тарихи дастаны мен «Сабыр» толғауын шығарады.
Шығыс әдебиеті жауһарларын терең меңгерген ол Әлішер Науаиды қазаққа танытуға үлес қосып, «Іскендірдің дуалы» дастанын тәржімалайды. Өкінішті жайт, бұл дастан ешқайда жарияланбай, қолжазба күйінде сақталған.
Соңына мол мұра қалдырған ақынның «Жастарым, жайна!» деген шағын өлеңдер жинағы бұдан 67 жыл бұрын 1959 жылы жарық көрген. Жинақтың көлемі небәрі 60 бет. Бұл кітабына сол кездегі советтік идеологияға жағымды 21 өлеңі енген. Содан бергі уақытта ақынның ешқандай кітабы жарияланбай келеді. Бұның екі себебі бар.
Біріншіден, Кеңестік дәуірде қазақтың хан-сұлтандары, батыр қолбасшылары Шақшақұлы Жәнібек, Кенесары, Саржан, Аманкелді, Әділбек секілді тарихи тұлғалардың бейнесін сомдаған дастандар, өлең-жырларды жариялауға тыйым салғандықтан, Иманжан Жылқайдаров туындылары жарық көрмеуге тиісті болған.
Екіншіден, түгендеу, жинақтау жұмысын жүргізгенде ақынның артына қалдырған қолжазба мұрасының жалпы көлемі шамамен 500 бет болды. Алайда бұл дүниелер араб, шағатай, қадим, кейбірі латын қарпінде жазылған, сирек қолжазбалар қорында сақталған. Қолжазбалар М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорында сақтаулы. Ол туралы алғаш жергілікті жазушылар Батырбек Мырзабеков пен Ғазиз Ештанаевтан естідім.
Аса көрнекті халық ақыны, шежіреші, халық мәдениетінің білгірі, жерлесіміз Иманжан Жылқайдаров шығармаларының толық ғылыми жинағын кирилл қарпіне түсіріп, халық ақыны Иманжан Жылқайдаровтың мұрасын оқырман игілігіне айналдыру – ұрпақ міндеті, парызы. Бұл жауапты істі Жезқазған қаласындағы «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі қолға алды.
Қазіргі уақытта бұл жұмыспен филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, фольклортанушы, бірнеше кітаптардың авторы Ақеділ Тойшанұлы айналысуда. Бүгінгі таңда 300 бет аударылды, әлі 200 бетті аудару керек.
Иманжан атаның архивтегі құжаттарының арасынан табылған Иманжан Жылқайдарұлы мен Тайғара Оңайбекұлының жұмбақ айтысын оқырмандарға ұсынуды жөн көрдім. Жұмбақ айтыс мәтінін қағазға түсіріп, қорға тапсырушы – өлкетанушы Сүтемген Бүкіров.


Енді Иманжан Жылқайдарұлы мен Тайғара Оңайбекұлының жұмбақ айтысы туралы жазған Сүтемген Бүкіров ағамыздың жазбасына ойыссақ. «Ұлытау, Жезқазған өңірінің сөз майталманы, халық ақыны Иманжан Жылқайдаров талай-талай айтыстарға қатысып, жастайынан өлең-жыр айтқаны мәлім. Имекең – ел арасындағы ертеде болған тарихи аңыз-әңгімелерді көп білетін кісінің бірі. Ол қазақтың небір тапқырлық, шешендік нақыл сөздерін, мақал-мәтелдерін, жұмбағын, жұмбақ айтыстарын да жақсы біледі. Қазір Имекең Жезқазғанда тұрады. Әңгіме сұрай қалсаңыз бұдан 50–60 жыл, одан да әрі болған, өзі араласқан әңгімелердің майын тамызып, бүгінгідей етіп айтып береді. Оның бірі – Тайғара Оңайбекұлымен жұмбақ айтысы. Тайғара – найман ішінде бағаналының бір бұтағы бекболат руынан. Өзі кедей бола тұра беделді еді, әрі әділдігі, ақыл-парасатымен аты әйгілі, қадірлі болған адам. Оның үстіне қазақ арасындағы тоғызқұмалақ, дойбы ойынында алдына жан салмаған керемет ойыншылдығы мен машықтанған әрі суырыпсалма, табан астынан айтатын жұмбақшылдығымен де атағы кең жайылған кісі екен. Тайғара Оңайбекұлы мен Имекең 1910 жылдар шамасында осы Кеңгір бойында кездеседі. Имекең осы кездесуін де бүгінгідей етіп айтады».
– Бұл жаздың күні август айының іші еді. Тайғара ақсақалдың ауылына келдім. Інісі Амантай – менімен қатарлас, құрбы-құрдастар. Ол кезінде көрінгенді жұмбақ ететін жұмбақшыл еді. Тайекеңнің бір қызы Мәдиян, Амантайдың қызы Ұлту айжамалдай аласұрып, ортекедей ойнаған келбеті келіскен сұлу қыздар еді. Мәдиян қазір тірі, «Жетіқоңыр» совхозында тұрады. Жасы 80-нен асса да әлі сымбатты, белі бүгілмеген қалпында. Қыз-бозбала жиналып, ойын-сауық ауылынан арылмаған, қонақ сейілмеген ауыл екенін білетінмін. Көңілім – осы Тайкең ауылына соқсам. Мен келгенде ауыл толған қонақ Асан, Шұңғыр, Бекболаттың ірі, басты адамдары жиналып, қызылқан, сойылған мал, ошақта қазан тола ет асылып, соларға сый-құрмет көрсетіліп жатыр. Үйге сәлем беріп кіріп келсем, алты қанат ақ үй толған әлгі рудың ақсақал, қарасақал, шоң желке, көк мойын жақсыларға толы екен. Үй иесі Тайекең мені көріп амандасқаннан кейін: «Жүйрік бестіден шығады, сөз жас-кәрі демей естіден шығады» деген, – деп, жанынан орын беріп жатып, – қарағым Иманжан, жақсы келдің, мыналар менімен дойбы, тоғызқұмалақ ойнап, жеңіліп қалды. Жұмбаққа да жарамады. Мына домбыраны ал да, сөйле», – деді.
– Кісілерге шай құйып отырған тетелес Мәдиян мен Ұлтуға көзім түскен-ді. Мен бірден тоқталмастан жұмбақ өлең айтқаным есімде. Оның арты Тайекеңмен жұмбақ айтысқа айналған еді, – деп, Иманжан қария маған өз қолымен арабша жазылған, түсі сарғайған дәптерді ұсынды. Қарасам, «Жұмбақ айтыс» екен.
Иманжан:
Шөлең той жасап жатқан екі шынар,
Шынардың миуасына әркім құмар.
Тоятын ішпей-жемей сымбатына,
Бірі – алма пісіп тұрған, біреуі – анар.
Асылдың ортасында бір күмбез тұр,
Бұрқылдап суы қайнап, оты жанар.
Ретін таба алмадым ойластырып,
Қарасам келбетіне емес қанар.
Су құйып өңешіне селкілдейді,
Жаны жоқ, қозғалады, не деп болар?
Құлақ, мұрны салбырап тұнжырайды,
Көтенге өкпелеген қойшылардай.
Бұл жұмбақты үй тола кісінің ішінде бекболат Тоқының Жақып деген баласы, менен азырақ үлкен-ді, сол кезде қатарға кіріп, сөз сөйлеп жүрген кезі, басқалардан бұрын маған қарап: «Иманжан, жұмбағың қиын екен, қиын болса да мен шешемін», – деді.
Жақып:
Имеке, шынарың – екі қарындас: Ұлту, Мәдиян,
Шынардың миуасы – дастарқандағы болар тағам.
Күмбезің – екі құлақ, шүмек – мұрын,
Самаурын суы қайнап бұрқылдаған.
Осыдан кейін Тайекең жұмбақты өзі бастап айтты.

Тайғара:
Алдыңда – он алты бойдақ байтал бие,
Оның оны – егіз, жиырма жігіт болар ие.
Және де бір боталы түйесі бар,
Кең жазық, алды тола жеміс, шие.

Иманжан:
Боталы түйе – самауырын мен аққұман да,
Он алты байтал – кесе мен шәйнекті аяң.
Құлынды бие – Ұлту мен Мәдиянның саусақтары,
Жайылған кең дастарқанда өрік, мейіз, кепкен шие.

Тайғара:
Аттанды бір шаһардан қырық мың қосын,
Қолында қаруы жоқ несі болсын.
Ел шауып, жесір алып келмесе де,
Өзінің тауып ішеді несібесін.

Иманжан:
Бұл – құмырсқа байтақтағы,
Адамға түсінбеген шатақ тағы.
Ол көп болғанмен ел шаппайды,
Нәпақа теріп жейді қаптай тағы.

Тайғара:
Бір нәрсе: өзі жансыз, іші қуыс,
Пікірлес жасағанда емес жұмыс.
Өтпейді пышақ, қылыш кесем десең,
Қатадан уатылар қылмай-ақ іс.

Иманжан:
Тайеке, бұл жұмбағың – қуыс шыны,
Ақсақал жұмбақ қылып айтады мұны.
Кесем десең, өтпейді не асылдар,
Ұрып қалсаң уатылар кетіп құны.

Бір нәрсе: өзі күмбез, іші жарық,
Ішіне кіреді екен жылан барып.
Ол жылан аузын ашса от жанады,
Құйрығын былғаңдатса суға барып.
Ол жылан солай барып от жақпаса,
Түседі барша жұртқа қараңғылық.

Тайғара:
Иә, балам, бұл – фонарь шам, іші жарық,
Жыланның кіреді пілте ішке барып.

Керосин су дегенің пілте жанған,
Жақпаса болады рас қараңғылық.
Екі әскер екі жақтан тоғысады,
Үстінде дарияның соғысады.
Соғысып күні бойы арпалысып,
Күн бата татуласып табысады.

Иманжан:
Соғысқан – кірпіктерің, дария – көзің,
Қағысқан ұйықтамасаң кірпік өзің.
Түн болса ұйықтағанда табысады,
Шешуі – кірпік, көздей мұның өзін.

Мен көрдім өзі жансыз сегіз еркек,
Оларға жаны ашыған адам тентек.
Сегіздің ортасында төрт қатын бар,
Жүреді жиырма төрт тай бір жетектеп.

Тайғара:
Иә, балам, мұныңыз – қарт ойнайтұғын,
Баламсың әр нәрсені болжайтұғын.
Төрт солдат, төрт король мен еркегі осы,
Төрт қатын – төрт мәтке қалмайтұғын.
Тоғыздық, ондық қанша ұсағы бар,
Тайлары жекеге алып ойнайтұғын.

Мен көрдім дөңгелек бірдеңені,
Күн батып, күн шығатын бір бүйірден.
Ішінде қылдан нәзік бір жібі бар,
Секілді ауыр емес қол диірмен.

Иманжан:
Тайеке, диірменің болар сағат,
Сіздердей қарт ұстайтын қылар сағат.
Барында жүргізетін айтылған іс,
Тұп-тура бататын да күн шығатын.

Аралда жиырма төрт құс бір жайылған,
Орны бар отыз екі ұялаған.
Отырып екі жағы араздасып,
Тарқайды жеңген жағы би сайлаған.
Қарсысын құлан таза шауып алар,
Аржағын бағындырып той тойлаған.
Қолымен бастықтарын байлап алып,
Қамалып абақтыда соры қайнаған.

Тайғара:
Иә, балам, бұл жұмбағың болар дойбы,
Жиырма төрт екі жағы – талас ойыны.
Закотке биін ұстап қамап қойса,
Жеңгені ұтып алып болар жолы.

Ауызы бір нәрсенің табанында,
Адамның алпыс екі амалында.
Жағынан қайырып тастайды оны,
Қалдырып екі ағашпен таңады да.
Белгілі оның анық моласы жоқ,
Қояды шөп-шаламен жабады да.
Ешкімді маңайынан таба алмайсың,
Иесіз құба жонда қалады да.

Иманжан:
Сізде жоқ-ау, Тайеке, артық мақтан,
Әзілдеп алдырмайсыз жақын-жаттан.
Жұмбақты әділетпен айтып көрдік,
Өлмес жан, әр мезгілде шындықты айтқан.
Бұрылған жеріңіз жоқ ғадылаттан,
Пара алып, билерге еріп, арын сатқан.
Жеңілдім Тайекеңнен осы жолы,
Тауаным, естігендер, бүгін қайтқан.
Егескен құрбым емес өкінетін,
Жеңілген ғайып емес білгір қарттан.
Тайекең алдырмас деп ойлаушы едім,
Бақылап әрі іштен, әрі сырттан.
Ақылмен қатарыңа шалдырмадың,
Кім сізді жеңер дейсіз келіп арттан?
Әр жерде дәмеленген ойыншы көп:
«Жолама, – деп айтармын, – сақтан, сақтан».
Барасыз орта жастан асыңқырап,
Тең емес дойбыдан да біздей қарттан.
Тайеке, рұқсат болса аттанайық,
Аз емес, бір күн, бір түн қонып жатқан.
Қоштасып, қол алысып атқа міндім,
Қайтарда соғарсыз деп арғы жақтан.
Тайеке, әлгі айтқан, – дедім тағы,
Жұмбағың аңға құрған еді қақпан.
Әуелде көп ойланып, таба алмадым,
Тайеке, шешім осы жаңа тапқан.
Үйінен Амантайдың қымыз ішіп,
Ұлту кеп жақсы сөзбен аттандырған, – деп аяқталады.

Айтыстың түпнұсқасы қолжазба күйінде сақталған. Оның мәтінін қағазға түсіріп, қорға тапсырушы белгілі өлкетанушы Сүтемген Бүкіров екенін жоғарыда айтып өттік.

Төлеген БҮКІРОВ,
«Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.