Төлеукүл апаның мен үшін орны бөлек

Кей ойлар адамды ұзақ уақыт жібермейді екен. Ішіңде үнсіз бір шақыру жүргендей болады. Менің де көкейімде сондай ой болды – Әділбек-Сейіт атамның қарындасы Дилаштан тараған Төлеукүл апаммен Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында кездесіп, ұмыт қалған шежіре сырына қанықтым. Бәлкім, жас ұлғайған сайын адам өз тамырының дыбысын анық еститіні шығар.

Бүгінгі күні сол көкейде жүрген ой шындыққа айналды. Төлеукүл жиен апамыз 84 жаста, тоғыз баланың анасы. Ол кісі Шыршық қаласынан арнайы Астанаға келіпті.
Төлеукүл апа 1978 жылы 38 жасында өмірлік жары Ташкентайды мәңгілік мекеніне шығарып салды. Ташкентай Ұлытау өңіріндегі Ақтаз-Әже руынан тараған ұрпақ. Сол кезде Төлеукүл апамыздың қолында сегіз бала, ал құрсағында тағы бір сәби бар болатын. Қандай ауыр кезең десеңізші… Бірақ апамыз мойымады. Тағдырдың сынағын үн-түнсіз қабылдап, бар жауапкершілікті өз иығына алды. Бәріне төзді, барлығын еңсерді, аналық жүрек пен сабыр сақтады. Сөйтіп, жесірліктің тауқыметін тартты, таң сәріден кеш батқанға дейін тыным таппай еңбек етті. Балаларым ештеңеден таршылық көрмесін деп барын салды. Бірақ, оларды өсіріп-жеткізіп қана қойған жоқ, әрқайсына бағыт-бағдар беріп, адамгершілік пен білімге баулыды. Сол арқылы олар жоғары оқу орындарын тәмамдап, бірі мұғалім, бірі дәрігер, бірі инженер, бірі кенші болып, өз мамандықтары бойынша елге қызмет етіп жүр.
Бүгінде апамыздың тоғыз перзенттері – Шынар, Орманбек, Марат, Жанат, Асқарбек, Болат, Манат, Шырынкүл, Шыныбек – Ұлытау өңірінде және өзге аймақтарда шаңырақ көтеріп, тамырын тереңге жайған әулетке айналды.
Сол күні Төлеукүл апамызбен ұзақ әңгімелестік. Әңгіме барысында әр сөз – бір дәуірдің сыры, әр естелік – өткен күннің ізі сияқты көрінді маған. Төлеукүл ападан Әбдіхалық атаның өмір жолын сұрадым. Апам кейде ойға батып, алыстағы жылдарға үнсіз сапар шеккендей болды. Мен де үнсіз тыңдадым. Кей әңгімелері анық, кейбіреуі көмескі, бірақ бәрінің астарында жылылық бар сияқты. Кәріліктің белгісі ғой, Төлеукүл апамыздың құлағы да ауырлау естиді. Дегенмен, бұл біздің түсінісуімізге кедергі болмады. Кейде адам сөзден бұрын ниетпен ұғысады ғой. Біз де бір-бірімізді дауыспен емес, жүрекпен сезінгендей болдық. Арамызда көзге көрінбейтін бір жіп тартылып тұрғандай әсер қалдырды, ол өткен мен бүгінгіні жалғап тұрған жіп сияқты.
Іштей Әділбек-Сейіт атам мен Қуаныш әжемнің рухына дұға бағыштадым. «Риза болсын, ұрпағына медет берсін» деп тіледім. Мұндай басқосулар тек әңгіме емес, бір аманат, бір тарих қой.
Төлеукүл апамыздың ғұмыры ұзақ, дені сау болсын деп тіледім. Бала-шағасының бағы жанып, жолдары жарық болғай. Өмір өлшеулі екенін бәріміз де білеміз, бірақ кей сәттер оның мәнін тереңдете түсетіні рас. Сол күні апамызбен әңгімелесіп, біраз әңгіме-дүкен құрдық. Бір қарағанда бұл шағын кездесу сияқты, бірақ тарих дәл осылай – үнсіз, асықпай, бір үйдің төрінде жалғасып жатады.
Енді міне, көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз да келіп жетті. Халықаралық әйелдер күні мерекесімен Ұлытау ауданының ардақты аналары мен аруларын шын жүректен құттықтаймын! Күн жылына бастағанда жүрек өзінен-өзі жылы сөздер айтқысы келеді. Мен де жерлестеріме жылы лебізімді білдіргім келіп отыр. Әр шаңыраққа татулық пен береке орнасын, денсаулықтарыңыз мықты болсын, жүректеріңізде ертеңгі күнге деген сенім нық болсын. Баршаңызға бақ-береке, қуаныш пен амандық тілеймін.

Ерғали ҚАСЫМБЕК.