Ұлттың киелі құндылықтары Мемлекеттік рәміздер күні мерекеленді
Еліміздің бойтұмардай сақтайтын айрықша белгілері – Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран. Бұлар – мемлекеттілікті айқындайтын нышандар. Бүгінгі қолданыста жүрген рәміздер – халқымыздың ел Тәуелсіздігімен бірге қол жеткізген құндылықтарының бірі. Сондықтан, бұл мерекенің шоқтығы биік. Ел өмірінде мәні мен маңызы ерекше.

Айтулы мерекені Ұлытау жұртшылығы да көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Ұлттық рәміздерді ұлықтауға арналған шара Әулиетау баурайында Рәміздер алаңында өтті. Мәртебесі жоғары мереке – Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен бастау алды. Атаулы шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетов құттықтау сөзбен ашып, рәміздеріміздің тарихы мен сыр сипатына кеңінен тоқталды.
– Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігін айғақтайтын басты белгілер. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік рәміздеріміз арнайы Заңмен бекітілді.
Рәміздер – ұлттың асқақ абыройының көрінісі. Мемлекеттік рәміздер күні – бұл ұлттық мереке, қоғамның тұтастығын бекіте түседі. Тарихымыздан нәр алған Отанымыздың жарқын болашағы жолында ортақ мақсат-мүддеге жұмылған бірлігімізді нығайтады. Сондықтан, әрбір Қазақстан азаматы Мемлекеттік рәміздерді құрмет тұтып, қастерлей білуі керек. Бүгінгі мерекеде баршаңызды ұлық мейраммен құттықтаймын. Әрдайым Көк Туымыз көкте желбіреп, Әнұранымыз шырқала берсін, — деді Ерлан Мейрамханұлы.
Бұдан кейін ұлттық рухымыз бен отаншылдық айбарымыздың темірқазығына айналған рәміздерімізді құрметтеуге арналған шарада патриоттық әндер шырқалды. Рухты әндер Ұлытау аспанын айрықша ажарға бөледі. Асқақ үнді, арынды әншілер Самат Баймышев пен Жолдасбек Рашит «Көк Тудың желбірегені», «Атамекен» әндерін орындады. Осы бір әуендер Ұлы даланың үнін жеткізіп, Алаш ұранды жұртымыздың жаны мен болмысын көрсеткендей болды.
Қорыта айтқанда, Тәуелсіздігіміздің айғағы – Мемлекеттік рәміздер күні ұлт ұясы – Ұлытауда ыстық ықылас, зор құлшыныспен атап өтілді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
