Балалар – қуаныш құшағында

Ұлытау ауданы орталығында 1 маусым – Балаларды қорғау күні қуанышты жаңалық болды. Асатов көшесі қиылысында балалар мен отбасыларға арналған демалыс алаңы ашылды.

Ілкімді түрде іске асырылған алаңның ашылу салтанатына аудан әкімі Аманжол Мырзабеков қатысты. Жарасымды рәсімде жергілікті атқарушы билікке аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Баймағанбетов ризашылығын білдіріп, аға буынның алғысын жеткізді.
Жағымды істің шынайы ықыласын қолға алып, оны көңілге қонымды деңгейде тиянақтаған мердігерге алғыста айтылды. Бұдан кейін, еңбек ардагерлері Темірбек Байболов пен Тілек Құдабаев алаңның лентасын қиды.
Ел ілтипатына иленген алаң заманауи үлгімен жабдықталған. Балаларға арналып түрлі ойын құрылғылары орнатылған. Ересектерге арнап жасалған жаттығу құрылғылары да бар. Алаңның жалпы аумағы – 400 шаршы метр. Айналасы темір шарбақтармен қоршалып, іргесіне сәкілер қойылған. Жарық шамдары да орнатылыпты. Мұның бәрі жергілікті тұрғындар үшін жасалып жатқан игілікті іс.
Көз тартарлықтай әдемі алаңның қолданысқа берілуі әлеуметті де қуантты. Әсіресе, ұйымдастырушы тарап балалар көңілінен шықты. Бүлдіршіндерге балмұздақ таратты. «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» дегендей, бұл тарту-таралғыны алып, балалар мәз болысты.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.