Қымыздың қасиеті

Қымыз ең таза, емдік қасиеті жоғары ұлттық сусын. Иммунитетті күшейтіп, күш-қуат береді. Ми қызметін жақсартып, шаршауды азайтады. Асқазан мен ішектің жұмысын реттейді. Қан айналымын жақсартады деген жағымды сөздерде бар. Ол да дұрыс шығар… Әсіресе, алғашқы уыз қымыз құнарлы әрі шипалы болып келеді. Адамды қуаттандырады. Науқас жанның қайта қалпына келуіне ықпал ететіні де рас.

Ал, саумал қымыз тіпті керемет. Ем ретінде буын ауруларына ішсе өте пайдалы. Салданудың алдын алады. Тағы бір айта кетерлігі, бір ғана саумалдың өзі қырық түрлі ауруға ем екен. Сондықтан, ата-бабаларымыз қымыздың қасиетін ерте-ақ, түсінген. Қымызды емдік сусын ретінде кәдеге жаратып келген. Қарап отырсақ, кез келген вирустың алдын алуда қымыз таптырмас дәрумен. Адам бойына қуат беріп, бойын сергітеді. Денсаулыққа шипалы, ағзаға жұғымды сусын. Өйткені, қымыз құрамында 28 түрлі микроэлементтер, көптеген дәрумендер бар екен. Бұл элементтер бие құнарлы жерге жайылған сайын арта түсетін көрінеді.
Ғалымдар кейінгі уақытта 40 ауруға емдеп те айтып жүр. Бірақ, қымыздың әлі де зерттелмеген, айтылмаған емдік қасиеттері де көп екені, ол – ақиқат. Ендеше, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық даналығын ұран етіп, ауырғанға ем, сауға қуат беретін қымызды ішіп жүрейік, ағайын!

Қайрат ЖҰМАБАЙ.