Ұлытау қорғандары немесе сақ дәуірінен жеткен археологиялық деректер

Қазіргі таңда Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және қорғау ісі жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келеді. Ел тарихының алтын өзегіне айналған Ұлытау аймағында көне дәуірлердің үнсіз куәсі болған археологиялық және тарихи ескерткіштерді жан-жақты зерделеу, оларды мемлекеттік қорғауға алу және ғылыми айналымға енгізу – уақыт талабынан туындаған маңызды міндеттердің бірі.

Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың аясында Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы мекемесінің тапсырысы бойынша «Мәдени мұраны зерттеу және сақтау орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2025 жылы Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы аймағындағы «Ұлытау-1» және «Ұлытау-2» қорғандарында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді.
«Ұлытау-І» қорғаны Ұлытау ауылынан оңтүстік-шығыс бағытта 6 шақырым қашықтықта, Жезқазған–Ұлытау тас жолының оң жақ қапталынан 70 метр жерде орналасқан. Қазба жұмыстарын жүргізу барысында қорғанның бастапқы құрылымдық ерекшелігін мүмкіндігінше сақтап қалу, болашақта оны қайта қалпына келтіру және экспозициялық нысан ретінде ұсыну мәселесі басты назарда болды. Осы мақсатта қорған төрт секторға бөлініп, оның оңтүстік бөлігін қамтитын 1 және 2 секторларындағы шым қабаты толық аршылды.
Қазба алаңы қорған жиегінен 0,5–0,7 метр сыртқа қарай кеңейтіле отырып жүргізілді. Қалыңдығы 10–15 сантиметр шамасындағы қара топырақтан түзілген шым қабаты толық тазартылып, құрылымның жалпы сипаты анықталды.
Зерттеу барысында қабірдегі адамның аяқ жағы тұсынан көлемі 1 шаршы метр аумақты қамтитын және 2,5 метр тереңдікке дейін жеткен тонаушылар қазбасының ізі байқалды. Алайда, тонаушылар адамның сүйегіне дейін жетпей тоқтаған. Соның нәтижесінде жерлеу орны толықтай тоналмай, салыстырмалы түрде сақталған күйінде анықталды.
Қазба кезінде бас сүйектің жоғарғы жағынан оралған жолақ тәрізді алтын фольга, сондай-ақ адамның сол жақ тізесінің маңынан тоғыз жебе ұшы табылды. Алтын әшекей бөлшектері жұқа алтын фольгадан соғылып жасалған. Барлығы бес бөлік сақталған: біреуі кеңдеу, қалған төртеуі жіңішке әрі ұзынша пішінде. Бұйымдардың қалыңдығы шамамен 0,2–0,3 мм. Беткі жағы тегіс болғанымен, кей тұстарында бүгілім мен иілім іздері байқалады. Металдың түсі сарғыш алтын, кей жерлерінде қара-қоңыр тотығу белгілері кездеседі.
Табылған фольга бөлшектері бас киімге немесе киімнің шетіне жапсырылған сәндік әшекей болуы ықтимал. Мұндай алтын әшекейлер, әдетте, әлеуметтік мәртебесі жоғары тұлғалардың киім үлгісін әрлеуге пайдаланылғаны белгілі.
Жалпы алғанда, «Ұлытау-І» қорғанында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары Орталық Қазақстан археологиясы үшін құнды деректік материал болып табылады. Бұл ескерткіш ерте темір дәуірі тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, жерлеу дәстүрі мен дүниетанымын кеңінен зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды археологиялық кешендердің қатарына жатады.
«Ұлытау-ІІ» қорғаны Ұлытау ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 3 шақырым жерде, биіктеу жотаның шығыс беткейінде орналасқан. Қорғанның диаметрі тас үйіндінің етегінен есептегенде 28 метрді құрайды. Ал сыртындағы айналдыра қазылған ордың сыртқы жиегімен өлшегенде оның көлемі 38 метрге жетеді. Қорған үстіндегі тегістелген алаң шамамен 14 метр аумақты қамтиды. Ескерткіштің батыс бөлігінде көлемі 5×5 метр, тереңдігі 0,5 метр болатын шұңқыр анықталды.
Зерттеу жұмыстары барысында қорған төрт секторға бөлініп, алдымен оңтүстік-батыс сектордың беткі шым қабаты тазартылды. Үстін жапқан тас қабаты толық аршылғаннан кейін қазба алаңы қорған етегінен 0,8 метр сыртқа қарай кеңейтіле отырып, табиғи жер қабатына дейін жеткізілді.
Қорғанның оңтүстік-батыс бөлігіндегі тас қаландының бұзылғаны байқалды. Бұл аумақ тонау шұңқыры болуы мүмкін. Оның диаметрі шамамен 1,3 метрді құрайды. Қабір шұңқырының көлемі шығыстан батысқа қарай 4 метр, ал оңтүстіктен солтүстікке қарай 2,3 метр. Тереңдігі шамамен 3 метрге дейін жетеді.
Қорғанның батыс бөлігіндегі шұңқырдың солтүстік жағынан 4×3 метр аумақ аршылып, жерлеу орны ашылды. Зерттеу барысында «Ұлытау-ІІ» қорғанының ертерек уақытта тоналғаны анық байқалды. Жерлеу шұңқырынан адам сүйегі табылған жоқ. Дегенмен, қабір түбінен және орта тұсынан адамның киіміне тиесілі әшекей бұйымдар анықталды.
Олардың қатарында алтыннан жасалған стильденген құс бейнесіндегі әшекей, салпыншақтар, моншақтар, түтікшелер, тас моншақтар және өзге де ұсақ сәндік бұйымдар бар. Сонымен қатар, ұсақ мал сүйектері де кездеседі. Бұл заттар жерлеу рәсімінің белгілі бір элементтерімен байланысты болуы мүмкін.
Археологиялық деректерге сүйене отырып, «Ұлытау-ІІ» қорғанын сақ мәдениетінің екінші кезеңімен мерзімдеуге толық негіз бар. Мұндай тұжырымды Қарағанды облысы, Шет ауданындағы Қызылжартас қорымынан зерттелген ұқсас ескерткішпен салыстыру арқылы нақтылай түсуге болады. Қызылжартас қорымындағы №2 қорғаннан темір ыдыс, керамика сынықтары және 57 алтын әшекей бұйымдары табылған. Археологиялық мәліметтер мен радиокөміртектік сараптама нәтижелері бойынша бұл ескерткіш б.з.д. IV ғасырдың екінші жартысы мен б.з.д. II ғасырлар аралығымен мерзімделген.
Осы салыстырмалы деректер «Ұлытау-ІІ» қорғанының да ерте темір дәуірінің соңғы кезеңдерімен тығыз байланысты екенін көрсетеді.
«Ұлытау-1» және «Ұлытау-2» қорғандарында жүргізілген археологиялық зерттеулер Ұлытау өңірінің ерте темір дәуіріндегі тарихи-мәдени үдерістерін тереңірек тануға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жерлеу ғұрпы, әлеуметтік құрылым, қару-жарақ және сәндік бұйымдар мәдениеті жөніндегі деректер өңір археологиясының ғылыми қорын толықтыра түседі.
Бұл ескерткіштерді қорғау, қалпына келтіру және ғылыми айналымға енгізу – Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени мұрасын сақтаудың маңызды бағыттарының бірі болып қала бермек.

Айдар ИСКАКОВ.