Ұлытаулық ардагерлер Сәтбаев қаласына арнайы сапармен барды

Жақында Ұлытау ауданының ардагерлері Сәтбаев қаласына арнайы сапармен барып, тағылымды саяхат жасап қайтты.

Ұлағатты бастаманың ілкімді негізде жүзеге асуына «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы ардагерлер кеңесінің басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы ардагерлер кеңесінің Сәтбаев қалалық филиалының басшысы Абуалис Мулаков, «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС филиалының Ғ.Омаров атындағы Шахта проходкалау тресінің басшысы Қайрат Керімқұлов ұйытқы болды.
Ұлт дәстүрінің ұстынын сақтаушы үлкендер қауымы алғашқы кезекте Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында орналасқан Шынболат музейінде болды. Музейде кен өндірісінің тарихымен және құнды жәдігерлермен танысты. Аймақтың дамуына үлес қосқан тұлғалардың бейнебаяндарын тамашалады. Одан кейін ардагерлер ШПТ өндірісінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, өндіріс орнын аралады. Өндірістің күнделікті жұмыстарымен жақынырақ танысты. Әсіресе, аға буын өкілдері ғимараттағы заманауи жұмыстарды көріп, қызыға тамашалады. Ардагерлерді өндіріс жұмысымен басшысы Қайрат Ұзақұлы таныстырып, атқарылып жатқан қызмет бағыттары туралы жан-жақты ақпарат берді.
Көңілге қонымды орындарды қызықтап болған соң, аға буын өкілдері «Бақдәулет» тойханасында бас қосты. Үстел басында ардагерлер ортақ тақырып аясында ой толғап, кең сипатта әңгіме өрбітті. Іс-әрекеттердің нәтижесін бағамдап, тәжірибе алмасты. Жан жадыратар жарқын кездесуде Қайрат Ұзақұлы ШПТ өндірісінің 60 жылдық мерейтойына арнайы дайындалған 25 қолсағатты ардагерлерге сыйға тартты.
Жалпы, кездесу тағылымы мол, достық атмосферада өтті. Жүздесу барысында Қайрат Керімқұлов, Төлеген Бүкіров, Абулаис Мулаков аудан ардагерлеріне жылы шырай танытып, шын пейілмен қошемет білдірді.
– Бұл кездесу – аға буын өкілдерінің өзара байланысын нығайтып өткен мен бүгінді сабақтастырған, сыйластық пен құрметке толы есте қаларлықтай ерекше басқосу болды. Кездесу барысында Сәтбаев қаласының азаматтары бізді меймандос көңілмен қарсы алып, қонақжайлылық танытты. Шын мәнінде, жүздесу тағылымдық тұрғыда жоғары деңгейде өтті. Кездесуді ұйымдастырған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы ардагерлер кеңесінің басқарма төрағасы Төлеген Бүкіровке, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы ардагерлер кеңесінің Сәтбаев қалалық филиалының басшысы Абулаис Мулаковқа, ШПТ басшысы Қайрат Керімқұловқа аудан ардагерлері атынан ризашылығымды білдіріп, алғысымды айтамын, — деді «Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы» Қоғамдық бірлестігінің Ұлытау облысы бойынша филиалының төрағасы Мақсұт Оспанов.

Өз тілшімізден.