Ардақты ағайын! Құрметті аудан тұрғындары!

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Өткен ғасырдың бірінші жартысында елімізде жүздеген мың адам әділетсіз сотталып, қудаланды.

Қазақстан аумағында оннан астам еңбекпен түзету лагерьлері жұмыс істеді. Күштеп жер аудару барысында елімізге бес миллионға жуық адам әкелініп, тағдыр тауқыметіне қарамастан құшағын айқара ашқан қазақ халқының дархан пейілінің арқасында екінші Отанын тапты.
Бұл жылдар қазақ халқына орасан зор нәубет әкеліп, халық күштеп ұжымдастыру мен ашаршылықтан жапа шекті. Ұлттық интеллигенция, ғалымдар мен қарапайым халық өкілдері қуғынға ұшырады. Бірақ, маңдайалды асылдарын жоғалтқан қазақ қанша зұлмат болса да, тағдырдың қыл көпірінен аман өтті. Уақыт өте келе етек-жеңін жиды. Ел еңсесін тіктеп, Тәуелсіздігін алды.
Кейінгі ұрпақ нәубет жылдары Отанына кіршіксіз адалдығын сақтап, қиыншылықты қайыспай көтере білген есіл ерлердің жарқын бейнесін мәңгі ұмытпайды.
Қазір біз үшін бейбітшілік пен келісім құндылықтарын негізге ала отырып даму аса маңызды. Әсіресе, Тәуелсіздігіміздің әр таңы нұрлы болсын. Баршаларыңызға бейбіт аспан, халқымызға жарқын болашақ тілейміз!

Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
Ұлытау ауданының әкімі.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
аудандық мәслихаттың төрағасы.