Светлана Григорович, Ұлытау аудандық аумақтық инспекциясының басшысы: «Басты міндет – фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету»

Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін бүкіл ел болып тұтынатындықтан, азық-түлік қауіпсіздігі қатаң бақылауда. Бұған агроөнеркәсіптік кешендердегі реттеу, бақылау, қадағалау, өсімдіктерді қорғау, мал басын асылдандыру, олардың карантинін жүргізу және тағы басқа да ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты функцияларды атқару үшін құрылған аумақтық инспекциялар қызмет етеді. Осы орайда, фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аудан аумағында жүргізілген жұмыстардың жай-жапсарын білу үшін Ұлытау ауданының аумақтық инспекциясының басшысы Светлана Григоровичпен сұхбаттасқан едік.

– Светлана Владимирқызы! Әуелі әңгімені оқырманға түсінікті болу үшін аумақтық инспекциялардың жалпы атқаратын қызметі туралы бастасаңыз…
– Инспекциялар өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің ережесіне сәйкес жүргізеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзіреті шегінде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы реттеушілік, іске асыру және бақылау – қадағалау функцияларын, өсімдіктерді қорғау және олардың карантині, астық нарығын реттеу, асыл тұқымды мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы бөлігінде жүзеге асыратын, сондай-ақ өсімдіктерді қорғау және олардың карантині саласында стратегиялық функцияларды орындауға қатысады. Еліміздегі аумақтық инспекциялардың негізгі міндеті – реттелетін салада мемлекеттік бақылау мен қадағалауды қамтамасыз етіп, мемлекеттік аграрлық және өңірлік саясаттың реттелетін саладағы стратегиялық жоспарларды, мемлекеттік және өзге де бағдарламалар мен жобаларды іске асыру болып табылады. Біз ел аумағында ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі бойынша карантиндік нысандардың әкелуінен немесе енуінен қорғау мақсатында соларды анықтау, оқшаулау және жою іс-шараларын жүзеге асыру бағытында жұмыс жүргіземіз. Кей кездерде Ұлытау ауданымен шектесетін Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан облыстарымен бірігіп жұмыс жасауға тура келеді. Бұл аймақтармен қолайлы фитосанитариялық жұмыстар жүргізіліп, екі жақты ынтымақтастық келісім жасалады. Осылайша, басқа аймақтармен де бірлесіп іс-шаралар өткізіп отырамыз.
– Светлана Владимирқызы! Қауіпті организмдер классификациясына қарай қауіпті және аса қауіпті болып бөлінеді ғой. Енді сол жайлы сөз етсеңіз…
– Елімізде аса қауіпті организмдер тізбегіне енгізілгендер қатарында үйірлі шегіртке сияқты зиянкестер, мысалы, италиялық прус, астық сұр көбелегі, сарышұнақтар, тышқан тәрізді кеміргіштер, жұпсыз жібек көбелегі, қызғылт укекіре бар. Осындай зиянкестері бар нысандарға республикалық бюджет есебінен қаржы бөлініп, химиялық өндеу жұмыстары жүргізіледі. Тағы бір айта кетерлігі, ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 18 наурыздағы № 217 қаулысына сәйкес, елімізде зиянкестерге қарсы күрес жүргізуге арнайы ереже бекітілген болатын. Сол зиянды организмдер тізбегіне үйірсіз шегірткелер, шалғын көбелегі, жағалау шыбыны жатады. Кейіннен Ауыл шаруашылығы министрі 2020 жылы 19 наурызда қарсы күрес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын зиянды организмдер тізбесін және фитосанитарлық іс-шаралар жүргізу қағидаларын бекітті. Өткен жылы аса қауіпті организмдердің дамуы мен таралуына мониторингтік зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, аса қауіпті зиянды организмдердің шоғырланған жері анықталды. Былтырғы жылы аудан бойынша аса қауіпті зиянды организмдердің жалпы жиынтығы 680831 гектарды құрады. Өткен жылдың сәуір айында Мибұлақ ауылдық округі маңындағы жайылым жерлерден қауіпті организмдерге жататын саяқ шегірткелерінің дернәсілдері, одан кейін мониторингтік жұмыстар барысында аталған округте италиялық прус шегірткелерінің дернәсілдері тіркелді. Ал мамыр айында Қоскөл ауылдық округінің жайылым жерлерінен жоғарыда аталғандай италиялық прус шегірткесінің дернәсілдері тағы тіркелді. Бұл аймаққа италиялық прус шегірткесіне қарсы «SATTI TULIK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі химиялық өндеу жұмыстарын жүргізді. Мұндай жұмыстар әрі қарай да жүргізіліп, аса қауіпті организм италиялық прус шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары маусым айының ортасына қарай барып, толық аяқталды. Ал 2026 жылы химиялық өңдеу жұмыстары – 14245 мың гектарды құрауы мүмкін. Бірақ, бұл әзірше болжам ғана. Нақтысы, келесі жылы мониторинг жұмыстары жүргізілгенде белгілі болады.
– Иә, бұл түсінікті. Қарап отырсақ, сіздің мекемеңізге өсімдіктер карантині бойынша үлкен міндеттер жүктелері анық. Осы тұрғыда, аудан аумағында атқарылған жұмыстарды тарқатып айтсаңыз…
– Өткен жылы бірқатар шаруа қожалықтарының алаңдарына карантиндік іс-шаралар негізінде химиялық өңдеуден кейінгі биологиялық тиімділікті анықтау барысында берілген нұсқамалардың орындалуын тексеру мақсатында арнайы бақылау-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Тексеру нәтижесінде берілген 11 нұсқамадан 5 нұсқаманың орындалмағаны анықталды. Ал нұсқамаларды орындамағандарға әкімшілік Заң бұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы карантиндік нысандарға жаңадан анықталған ошақтарға 9 шешім шығарылып, тергеу – тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде карантиндік арамшөптерден алынған фитосанитариялық сараптама қорытындысы бойынша карантиндік арамшөптер бар екені анықталды. Карантиндік арамшөп қызғылт укекіреге қарсы жүргізілетін іс-шараларды гүлдену және шанақтау кезеңінде жүргізулерінің тиімділігін ескерулеріне және механикалық, химиялық өңдеу жұмыстарына өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторының берген нұсқамасымен жүргізіліп отырылады. Маусымдық кезең уақытында Ұлытау ауданы әкімдігі, шаруа қожалық иегерлері және кент, ауылдық округ әкімдерінің көп көмегі тиіп отыр. Осындай көрсеткіштерге қол жеткізуіміз бірлескен іс-шаралар нәтижесі деп санаймын. Ал, мекемедегі штаттық кестеге сәйкес, айтар болсам, үш мемлекеттік қызметкер қызмет атқарады. Кадрлық қызмет пен бухгалтерлік есеп облыстық аумақтық инспекциясында орталықтандырылға.
– Әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңізге жеміс тіледім.

Сұхбаттасқан
Қайрат ЖҰМАБАЙ.