Даму бағыты бағамдалды
Ұлытау облысы әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кеңес барысында 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласындағы атқарылған жұмыстар сараланып, 2026 жылға арналған негізгі жоспарлар таныстырылды.

Өңір басшысы алдағы кезеңде әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар стратегиялық жобалар жоспарланып отырғанын атап өтіп, олардың сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асырылуы қатаң бақылауда болуға тиіс екенін атап өтті.

Осыған байланысты экономика басқармасына әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуын ай сайын бақылап, тұрақты түрде ақпарат ұсынып отыру міндеттелді. Ал кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын күшейтіп, олардың іске асуына кедергі келтіретін мәселелерді жою бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Сонымен қатар облыс әкімі жұмыспен қамту саласында орын алған бірқатар кемшіліктерді жою қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, жауапты басқармаға қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, қоныс аударушыларды үш жылға дейінгі мерзімге уақытша тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін зерделеу, сондай-ақ оңтүстік өңірлерден білікті мамандар тарту бағытындағы жұмысты жандандыру тапсырылды.

Жиын соңында облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне аумақтарында жүзеге асырылып жатқан барлық жобалар бойынша тұрақты түрде ақпарат алып отыруды, олардың орындалу барысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ аймақ әкімдерінің құрылыс саласына жауапты орынбасарларына өткен жылы жіберілген кемшіліктер үшін тәртіптік жауапкершілік мәселесі қарастырылатынын ескертті.
