Құрметті «Ulytau» газетінің ұжымы!

Сіздерді мерейлі мерекелеріңіз – аудандық «Ulytau» газетінің 85 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Ұлытау ауданы үшін «Ulytau» газетінің орны ерекше. «Ulytau» газеті аудан оқырмандарын тұщымды ойларымен, өткір мақалаларымен қуантып жүрген жасампаз басылымдардың бірі. Қырқыншы жылдардың басында дүниеге келген басылым Ұлытау өңірінің жылнамасын ғасырға жуық уақыт жазып келе жатыр. Газеттің шығармашылық ұжымы қаншама талантты жастың қанатын қатайтып, әдебиет әлеміне қанаттандырды. Ұрпақтар сабақтастығына негізделген осы игі үрдіс бүгінде өз жалғасын табуда.
Ұлытау ауданы тұрғындарының сенімді рухани серігіне айналған басылымда қаламы қарымды әр буын өкілдерінің сара жолы жатыр. Газет өзі жүріп өткен 85 жылда адамның санасына зерделі ой, өнегелі тәрбие қалыптастырып, оқырмандарына рухани азық бере алды. «Газет – ол халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп айтқандай, осы уақыт аралығында Сіздер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын, халықтың тыныс-тіршілігін газет бетінде көтеріп, қалам тербеп, үлес қосып келесіздер. Ұлытау ауданының даму белестері мен жеткен жетістіктерін толығымен және жан-жақты насихаттап, аудан тұрғындарының мұң-мұқтажын, тілек-өтініштерін, көкейде жүрген ой-толғамдарын газет арқылы бізге жеткізіп отырасыздар.
Ауданның айнасына айналған «Ulytau» газетінің ғұмыры ұзақ болсын! Осынау мерейлі тойларыңызда баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, қажырлы еңбектеріңіз бен шығармашылық жұмыстарыңызға толағай табыс пен шалқар шабыт тілеймін!

Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
Ұлытау ауданының әкімі.