Облыс әкімі Жезқазған қаласының бірқатар нысандарын аралады

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Жезқазған қаласындағы бірқатар нысанды аралап, білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын қайта тексерді.

Алдымен өңір басшысы Кеңгір су қоймасы аумағын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.

Сондай-ақ өңір басшысы №8 гимназия мен №4 жалпы білім беретін мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Жұмыстардың белгіленген кестеден кешігуіне байланысты облыс әкімі жауапты тұлғаларға ескерту жасап, анықталған кемшіліктерді бір апта ішінде жоюды және абаттандыру жұмыстарын аяқтауды тапсырды.

Бұдан бөлек, облыс әкімі №13 мектептегі жөндеу жұмыстарының барысын тексеріп, жұмысшылар санын көбейтуді және қалалық әкімдікпен бірлесіп абаттандыру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. А және А1 корпустарын жаңа оқу жылының басталуына дейін оқушылар үшін ашу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар өңір басшысы жылу желілерін жөндеу және «Жастар» саябағын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысып, жұмыстардың сапалы орындалуын және белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.