Жаңаарқа ауданындағы аудандық спартакиадада туындаған жанжалдың жолы полиция тарапынан кесілді
2026 жылғы 25 шілдеде Ынтымақ ауылында өткен аудандық спартакиада барысында күрестен финалдық белдесуден кейін қатысушылардың бірі мен көрермен арасында жанжал орын алды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, белдесу аяқталғаннан кейін спортшылардың бірі төрешілердің шешімімен келіспейтінін білдірген. Кейіннен аталған спортшы мен көрермендердің бірі арасында сөзге келу орын алып, туындаған жанжал дер кезінде тоқтатылды.
Оқиға туралы хабарлама Жаңаарқа аудандық полиция бөліміне келіп түсті. Аталған дерек белгіленген тәртіппен тіркелді.
Полиция қызметкерлері жанжалға қатысқан барлық азаматтарды полиция бөліміне жеткізіп, олармен профилактикалық әңгіме жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша жанжалға қатысушыларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Полиция спорттық жарыстардың өзара құрмет пен қоғамдық тәртіпті сақтау жағдайында өтуі тиіс екенін еске салады. Агрессия таныту, қоғамдық тәртіпті бұзу және айналадағы адамдарға құрметсіздік көрсету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.

