Ұлттық тәрбие – ұлт болашағының берік тұғыры

«Бала тəрбиесі – бесіктен» деген дана халқымыз ұрпақ тəрбиесін қашанда ұлттың ең асыл құндылығы санаған. Себебі бүгінгі сəби – ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын азамат. Ал саналы, білімді əрі ұлттық рухы биік ұрпақ тəрбиелеуде ананың орны айрықша. Осы мақсатты негізге алған тағылымды кездесу Ұлытауда жас аналардың басын қосты.

Аудан əкімдігінің қолдауымен, Жастар орталығының ұйымдастыруымен өткен кездесудің қонағы – этнопедагог, ұлттық құндылықтарды дəріптеуші Құндыз Оралжан болды. Ұлт тəрбиесінің мəйегін дəріптеп жүрген спикер жас аналармен еркін форматта пікір алмасып, бала тəрбиесінің өзекті мəселелері жөнінде келелі ой қозғады.
Іс-шараның ашылуында аудан əкімінің орынбасары Алмат Сакипов сөз сөйлеп, ұрпақ тəрбиесіне бағытталған мұндай кездесулердің қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті. Ол жас аналардың рухани дамуына, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға жəне отбасы институтын нығайтуға бағытталған игі бастамалардың əрдайым қолдау табатынын жеткізді. Кездесу соңында аудан əкімдігі атынан Құндыз Оралжанға алғыс білдіріліп, сый-сияпат табыстады.
Кездесу барысында ұлттық тəрбиенің бала тұлғасының қалыптасуындағы орны, сəби дүниеге келген сəттен бастап берілетін тəлімнің маңызы, ата-ананың жауапкершілігі, кітап оқуға баулу баланың ойлау қабілеті мен тілін дамыту жолдары кеңінен əңгіме болды. Спикер халқымыздың салт-дəстүрі мен əдет-ғұрпының əрқайсысының астарында терең тəрбиелік мəн жатқанын мысалдар арқылы түсіндіріп, ұлттық педагогиканы бүгінгі өмірмен ұштастыра білудің маңызын айтты.
Сондай-ақ, балаға тек материалдық жағдай жасап беру жеткіліксіз екеніне тоқталған Құндыз Оралжан ең алдымен отбасындағы мейірім, ата-ананың өзара сыйластығы, кітап оқуға деген қызығушылығы мен жеке өнегесі баланың тұлға болып қалыптасуына тікелей əсер ететінін атап өтті. Ол баланың бойына ұлттық рух пен адамгершілік қасиеттерді сіңіру ең алдымен ата-ананың күнделікті іс-əрекетінен басталатынын ерекше жеткізді.
Жас аналар да өздерін толғандырған сауалдарын қойып, күнделікті өмірде кездесетін тəрбиелік мəселелерді ортаға салды. Ашық пікір алмасу форматында өткен жүздесу қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, əр ана өзіне қажетті пайдалы кеңестер мен тың ой түйді.
Тағылымды кездесудің əсері залдағы жылы атмосферадан-ақ сезілді. Аналар бір-бірімен пікір бөлісіп, алған əсерлерін ортаға салып, осындай мазмұнды басқосулардың жиі ұйымдастырылғанын қалайтындарын жеткізді. Олар ұлттық тəрбие жайлы айтылған ойлардың əр отбасы үшін құнды екенін атап өтті.

Ұрпақ тəрбиесі – ұлттың ертеңіне салынған ең қымбат инвестиция. Сондықтан ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жас аналардың тəрбиелік танымын кеңейтетін мұндай кездесулердің мəні мен маңызы қашанда жоғары. Рухани азыққа толы басқосудан жас аналар ерекше əсер алып, жүректеріне жаңа серпін, саналарына тың ой түйіп тарқасты. Мұндай игі бастамалар ұлттық болмысты сақтауға, саналы ұрпақ тəрбиелеуге жəне отбасы құндылықтарын нығайтуға қызмет ете беретіні сөзсіз.

Альмира ОСПАН.